Ыстықкөлдегі «Рохат» пансионатында жаппай төбелес болды
19 шілдеде Ыстықкөлдегі «Рохат» пансионатында жергілікті тұрғындар мен демалушылар жаппай төбелесті. Пирс кезегі дауы жанжалға ұласып, «Шұңқар» полкі тоқтатты. Тараптар шағымданбады.
Сурет: tengrinews.kz
Ыстықкөлдегі «Рохат» пансионатында 19 шілде күні кешкі 17:00 шамасында жергілікті Қара-Ой ауылының тұрғындары мен келген демалушылар арасында жаппай төбелес болды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Ыстықкөл облыстық ІІБ мәліметінше, тексеру барысында төбелеске қатысушылар анықталды: Бішкек тұрғыны Б. А. мен 2006 жылы туған К. А., және Ыстықкөл ауданының тұрғындары: 2008 жылы туған И. А., Б. З., С. Т., Д. М. және 2007 жылы туған Д. А.
Жас жігіттер арасында демалыс аймағындағы пирсты пайдалану кезегіне байланысты дау туындап, ол жанжалға ұласып, жағалауға ауысып, сонда төбелескені анықталды.
Төбелесті оқиға орнында кезекшілік атқарып жүрген «Шұңқар» арнайы мақсаттағы полкінің қызметкерлері тоқтатты.
Оқиғаға қатысушылар мен басқа да тиісті тұлғалардан жауап алынды. Әрқайсысына сот-медициналық сараптама тағайындалды. Алайда тараптар бір-біріне шағымы жоқ екенін мәлімдеп, ресми арыз беруден де, сараптамадан өтуден де бас тартты.
