«Қазақмыс» Тобы өндірістік тәуекелдердің алдын алуға бағытталған басқару бағдарламасын іске асырудың аралық қорытындысын шығарды. 2026 жылғы бес айдың қорытындысы бойынша компанияның өз қызметкерлері арасындағы өндірістік жарақаттану деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33%-ға төмендеді. Сонымен қатар компанияның өз қызметкерлері арасында өлімге әкелген жазатайым оқиға тіркелген жоқ, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.
Компанияның тәуекелдерді басқару жүйесіне өзгеріс енгізіп, жазатайым оқиғалардың алдын алу тәжірибесіне кезең-кезеңімен көшуі оң нәтиже берді. Компаниялар тобында қауіпсіздік сөзсіз басымдық әрі өндірістік қызметтің ажырамас негізі ретінде айқындалған. Таңдалған тәсілдің тиімділігін еншілес кәсіпорындардың нәтижелері де айғақтайды: есепті кезеңде «Kazakhmys Barlau» ЖШС мен «Мэйкер» ЖШС-да бірде-бір өндірістік жарақаттану оқиғасы тіркелген жоқ.
Сонымен қатар компания өндірістік үдеріске қатысатын барлық тарапқа бірыңғай корпоративтік стандарт енгізу арқылы мердігер ұйымдардағы қауіпсіздік талабын кезең-кезеңімен күшейтіп келеді. Мамыр айында өндірістік алаңдарда 60-тан астам Safety Stand-down форматындағы тоқтату жиналысы өткізілді. Шара шеңберінде желілік персонал нақты жұмыс орнындағы тәуекел мен оның алдын алу шараларын жан-жақты талқыланды.
Осы кезеңде тау-кен қазбаларын қауіпсіз күйге келтіру үдерісіне кешенді техникалық аудит жүргізу жұмысы аяқталды. Оның қорытындысы бойынша қауіпті факторларды анықтау және оларды жоюдың бірыңғай алгоритмі енгізілді. Бұдан бөлек геомеханикалық тәуекелдер, өздігінен жүретін техниканы пайдалану, электр қауіпсіздігі және биіктікте жұмыс істеу қауіпсіздігі сынды негізгі бағыттар бойынша салалық сарапшылық топтардың жұмысы басталды.
Сонымен қатар заманауи техникалық қорғаныс жүйелерін тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтан өткізу жұмысы жүзеге асырылды.
Қауіпсіздікті басқарудың жаңа моделінің маңызды элементі – қауіп-қатер анықталған жағдайда жұмысты жедел тоқтату тәжірибесі. Жыл басынан бері компанияда қауіпті факторлар – қазбалардағы опырылу, жарық, бекіту жүйесінің бұзылуы, желдету мәселесі және өзге де тәуекелдердің анықталуы салдарынан өндірістік үдеріс 163 рет уақытша тоқтатылды. Компания үшін мұндай шешім шектеу шарасы емес, жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған тиімді тәсіл ретінде қарастырылады және анықталған қауіп-қатер толық жойылғанға дейін қолданылады.
Жұмысты уақытша тоқтату туралы шешім жұмыскерлердің қауіпсіздігі мен өндірістік үдерісті ұйымдастыруға жауап беретін өндірістік басшылық тарапынан алқалы түрде қабылданады. Сонымен қатар қауіпсіздік талаптары өндірістік жоспарлау жүйесіне интеграцияланған: айлық кестені қалыптастыру кезінде жұмысты жалғастырмас бұрын қазбаны қауіпсіз күйге келтіруге алдын ала 3-4 тәулік уақыт беріледі.
Компания жұмыскерлер алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін толық көлемде орындайды. Қауіпсіздікті сақтауға байланысты өндіріс уақытша тоқтатылған жағдайда жұмыскерлердің еңбекақысы толық көлемде төленеді.
Тәуекелдің алдын алу тәсілін кезең-кезеңімен қолданысқа енгізу «Қазақмыс» Тобы қызметінің өндірістік бақылауды жетілдіруге, қауіпсіздік мәдениетін дамытуға, сондай-ақ жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын сақтауға және кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған негізгі бағдары болып қала береді.
Фото: «Қазақмыс»
