Сурет: politico.kz
Павлодар облысында «Қазавиақұтқару» тікұшағы іздестіру-құтқару операциясы кезінде мәжбүрлі қонды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
ТЖМ мәліметінше, оқиға Байдала ауылының маңында болды. Бортта экипаж мүшелері мен құтқарушыларды қосқанда 13 адам болған. Тікұшақ 1950 жылы туған ер адамды іздеуге жұмылдырылған.
«Алдын ала ақпарат бойынша, ер адам балық аулау кезінде мотоциклден аударылып, аяғын жарақаттаған. Осыдан кейін ол көмек сұраған», – деп хабарлады ТЖМ.
Іздестіру операциясы шамамен бір тәулікке созылды. Оған құтқарушылар, жерүсті топтары және еріктілер қатысты. Нәтижесінде ер адам табылып, қажетті медициналық көмек көрсетілді.
Осыдан кейін тікұшақ далаға мәжбүрлі қонды.
«Бортта экипаж мүшелері мен құтқарушылар болды. Олардың барлығы тірі, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Мән-жайы анықталуда», – деп мәлімдеді ведомство.
Қазіргі уақытта мамандар оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтауда.
