Фото: istockphoto.com
Алматыда Шымбұлаққа серуенге шығып, кейін байланысқа шықпай қалған екі жасөспірім аман-есен табылды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 2010 және 2011 жылы туған жасөспірімдер тауда белгіленген уақытта қайтпағандықтан, құтқарушыларға олардың жоғалғаны туралы хабар түскен.
Жасөспірімдердің соңғы рет Тұйықсу қақпасы қонақүйі маңында, теңіз деңгейінен шамамен 2600 метр биіктікте болғаны анықталған. Осыдан кейін Алматы қалалық ТЖД құтқарушылары түнгі уақытқа қарамастан іздеу жұмыстарын бастап кеткен.
Құтқарушылар таудағы бірнеше бағытты тексеріп, нәтижесінде жасөспірімдерді «Жоғарғы Горельник» күркесі маңынан тапқан. Олар қауіпсіз түрде Медеу шатқалына жеткізіліп, ата-аналарына тапсырылды. Жасөсіпірмдерге дәрігерлердің көмегі қажет болмаған.
Жаз мезгілінде тауға шығатындардың саны артатынын ескерткен мамандар ата-аналарды балалардың бағытын алдын ала бақылап, байланыс құралдарын өзімен бірге алып жүруіне мән беруге шақырды.
