Фото: Pixabay
Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданында 9 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған есепші сотталды, деп хабарлайды QazaqToday.info ақпарат порталы.
Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданы прокуратурасының мәліметінше, аудандық білім бөлімінің «Мектептен тыс жұмыс орталығы» мемлекеттік кәсіпорнында қаржылық заңбұзушылық анықталған.
Тексеру барысында мекеме есепшісі сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену арқылы 9 млн теңгеден астам қаражатты жымқырғаны белгілі болды. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлігі 1) тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, іс сотқа жолданған.
Сот үкімімен есепші кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ ол 3 жыл мерзімге материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Жымқырылған қаражат мемлекет бюджетіне толық қайтарылды.
