Басты бет » Павлодарда өртеніп жатқан үйдің терезесінен секірген қыз көз жұмды

Павлодарда өртеніп жатқан үйдің терезесінен секірген қыз көз жұмды

Фото: видео скриншот

Дәрігерлердің мәліметінше, терезеден секірген 23 жастағы қыз ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Жүргізілген медициналық шараларға қарамастан зардап шегуші ауруханада көз жұмған, деп хаарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.

Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, өрт таңғы сағат 4-тер шамасында Павлодар қаласының Баян батыр көшесіндегі екінші қабатта орналасқан пәтерлердің бірінде болған. Жалпы ауданы 20 шаршы метр аумақта жиһаздар, үй заттары мен терезелер жалынға оранған. Тілсіз жауды тек жарты сағаттан кейін ғана ауыздықтау мүмкін болған.

Өрт сөндіру жасақтары жеткенге дейін жанып жатқан пәтерден 23 жастағы бойжеткен секіріп кеткен. Құтқарушылар үшінші қабаттан екі адамды, соның ішінде бір баланы сыртқа алып шыққан.

— Оқиға орнында 2 жедел жәрдем бригадасы мен Апаттар медицинасы орталығының 1 бригадасы жұмыс істеді. Барлығы 6 адам зардап шекті. 2003 жылы туған бойжеткен ауыр жағдайда Павлодар қалалық № 3 ауруханасына, 1972 жылғы ер адам мен 1973 жылғы әйел адам Павлодар қалалық № 1 ауруханасына жеткізілді, — деп хабарлады Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясынан.

Өкінішке қарай, терезеден секірген қыздың өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.

— Зардап шегуші 12 маусым күні сағат 04:25–те Павлодар қалалық № 3 ауруханасына жеткізілді. Жүргізілген медициналық шараларға қарамастан, сағат 05:50–де биологиялық өлім тіркелді. Өлімнің нақты себебін анықтау үшін мәйіт сот-медициналық сараптамаға жіберілді, — деп мәлімдеді облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.

Тағы үш адам — 8 жасар қыз бала, 18 жастағы бозбала мен 66 жастағы қария алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін ауруханаға жатудан бас тартқан.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика