«Артында 2 баласы қалды»: Ақмола облысында әйел адамды бұрынғы жігіті ұрып өлтірді

Фото: Instagram/golos_shchuchinska

Ақмола облысында әйелдің өліміне байланысты қылмыстық іс қоғамда қызу талқылануда. Марқұм Әсемнің туыстары оның бұрынғы сүйіктісі тарапынан соққыға жығылып, алған жарақаттарынан көз жұмғанын айтып, істің әділ тергелуін талап етуде, деп хабарлайды Qazaqtoday.info порталы.

Туыстарының айтуынша, әйел бұрын қарым-қатынаста болған азаматпен өткен күзде оның агрессивті мінезіне байланысты араласуды тоқтатқан. Алайда ер адам оны ұзақ уақыт бойы мазалап келген.

Оқиға 9 маусым күні болған. Жақындарының мәліметінше, Әсем бұрынғы танысымен кездескеннен кейін жалдамалы пәтерге барған. Сол жерде бірнеше сағат бойы соққыға жығылған деген күдік бар.

«Ол түрлі нөмірлерден қоңырау шалып, аңдып жүрген. Тіпті жұмыс орнының маңында күтіп алатын», – дейді туыстары.

Олардың сөзінше, күдікті әйелдің ауыр жағдайда жатқанын көрсе де, бірден жедел жәрдем шақырмаған.

«Әсемнің өмірін сақтап қалуға болатын уақыт жоғалды. Кейін ғана жедел жәрдем шақырып, дәрігерлерге оның батареяға соғылғанын айтқан. Бірақ біз бұған сенбейміз», – дейді марқұмның туыстары.

Туыстары әйелдің бірнеше қабырғасы сынғанын, бауыры зақымданғанын және денесінде көптеген жарақат болғанын мәлімдеді. Олар күдіктіге тағылған айыппен келіспей, істің толық әрі объективті тергелуін талап етуде.

«Бұл істің жабылып қалмауын және кінәлі адамның жауапкершіліктен жалтармауын қалаймыз. Сондықтан қоғам назарын аудару маңызды», – дейді марқұмның жақындары.

Марқұмның артында алты және сегіз жастағы екі баласы қалған.

Ақмола облысы Полиция департаментінің мәліметінше, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика