Ақтөбе өңірінде жол апатынан жараланған жеті адам облыс орталығына жеткізілді. Оларды Байғанин ауданынан санавиация көмегімен әкелген. Бәрі жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Qazaqtoday.info КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қарауылкелді ауылындағы аудандық ауруханаға жол апатынан соң түрлі жарақатпен сегіз адам түскен. Бірінің беті бері қарамай, көз жұмды. Қалған жеті жолаушының жағдайы да оңай емес. Біреуі әлі комада жатыр. Барлығының сүйегі сынған.
Байғанин ауданына облыс орталығынан арнайы дәрігерлер бригадасы жетіп, екі күн бойы бақылауға алды. Оларға көршілес Темір және Мұғалжар ауданындық ауруханасынан да көмекке дәрігерлер келді. Қазір жеті науқас та Ақтөбеге жеткізіліп, ем алып жатыр.
Айта кетелік, осыдан үш күн бұрын Қарауылкелді ауылы маңында сұмдық жол апаты болған. DAF пен қос Toyota Camry көлігі соқтығысып, артынша бір жеңіл көлік өртеніп кетеді. Екі адам сол жерде қаза тапса, бір науқас ауруханаға жеткен бойда демі үзіліп кеткен.
