Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Қазақстанда жарияланатын әкімшілік амнистияның негізгі шарттарын мәлімдеді. Бұл шара аясында азаматтар мен кәсіпкерлердің кейбір әкімшілік айыппұлдары автоматты түрде есептен шығарылады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Ведомство өкілінің айтуынша, рақымшылық шарасы Қазақстан азаматтары болып табылатын жеке тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге, сондай-ақ қызметіне байланысты айыппұл салынған жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға, заң кеңесшілері мен нотариустарға қатысты болады. Бұл процесс ешқандай құжат жинауды талап етпейді және Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті арқылы толықтай автоматтандырылған режимде іске асырылады.
Сонымен қатар, амнистия барлық құқық бұзушылықтарға бірдей қолданылмайды. Қоғамдық қауіптілігі жоғары, азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін әрекеттер, заңды күшіне енген сот шешімдері, сондай-ақ есірткі мен қарудың заңсыз айналымына қатысты істер рақымшылыққа жатпайды. Бұған қоса, бірдей құқық бұзушылықты қайталап жасаған тұлғалардың айыппұлы кешірілмейді.
