Фото: Алматы әкімдігі
Алматы оқушылары 2023-2024 оқу жылында қалалық, республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 2,7 мыңнан астам марапатқа ие болды. Бұл туралы қалалық Білім басқармасының жылдық есебінде айтылды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.

Басқарма мәліметінше, өткен оқу жылында ғылыми, шығармашылық және білім беру бағытындағы түрлі іс-шараларға 160 мыңнан астам оқушы қатысқан. Қалалық деңгейде өткен 37 іс-шарада 2 420 оқушы жүлдегер атанды. Ал республикалық додаларда Алматы намысын қорғаған 375 оқушының 232-сі жеңіс тұғырынан көрінді. Сонымен қатар, Алматы құрамасы жаратылыстану-математика пәндері бойынша республикалық олимпиадада қатарынан 24-ші рет «Еліміздің үздік олимпиадалық командасы» атағын сақтап қалды.

Халықаралық аренада да алматылық дарындар жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Олар әлемдегі ең беделді тоғыз байқауға қатысып, жалпы саны 99 медаль жеңіп алды. Атап айтқанда, Тунисте өткен I-FEST² 2024 халықаралық ғылыми байқауында 14 медаль (6 алтын, 6 күміс, 2 қола) еншілесе, Қытайдағы 45-ші Бейжің ғылыми-техникалық инновациялар байқауында екі алтын және бір күміске ие болды. Сондай-ақ, Литвада өткен European Mathematical Olympiad олимпиадасында қазақстандық құрама сапында бір алтын, екі күміс медаль жеңіп алды.

Қала мектептерінде STEM бағыттарын, жасанды интеллект, инженерия және робототехниканы дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Осының айқын дәлелі ретінде Хьюстонда (АҚШ) өткен FIRST Championship 2024 робототехника бойынша әлем чемпионатында Алматының «Alem Innovators», «KAP» және «SANA» командалары негізгі аталымдар бойынша жеңімпаз атанды. Бұдан бөлек, Иван Панфилов атындағы №54 мектеп-лицейінің оқушылары АҚШ-та өткен Regeneron ISEF 2024 халықаралық ғылыми жобалар байқауында ел намысын абыроймен қорғады.

Жаратылыстану-математика пәндерімен қатар, оқушылар гуманитарлық бағыттағы байқауларда да толағай табыстарға жетті. Қала құрамасы республикалық «Ақберен» өнер байқауында бірінші орынды иеленсе, Түркістанда өткен «Ясауитану-2024» сайысында Бас жүлдені қанжығасына байлады. Оқушыларды халықаралық деңгейдегі жарыстарға дайындау үшін Малайзияның Lincoln University және Әзірбайжанның ADA University университеттерінің базасында оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылған.


