Фото: pixabay
Шымкенттегі уақытша ұстау изоляторында жасөспірімді жаралады деген күдікпен қамалған 23 жастағы қыз қаза тапты, деп хабарлайды qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Шымкент қаласында 23 жастағы Сания Жұбанышева уақытша ұстау изоляторында дәрі ішіп көз жұмды. Қыз жасөспірімді пышақтады деген күдікпен қамауға алынған.
Санияның адвокаты Мухаммад Алиосман Оглы әлеуметтік желіде оқиғаның мән-жайын түсіндірді. Оның сөзінше тергеу қыздың өзіне тиісіп зорламақ болғаны туралы сөзін тыңдамаған.
«Сол түні ол танысының шақыруымен ішімдік ішкен жастар отырған үйге барған. Үй ішінде жігіттердің бірі оны еркінен тыс жыныстық қатынасқа көндірмек болып, тиісе бастаған. Сания қарсылық көрсетіп, босап шығып, далаға қашып кеткен. Қауіптенген ол құрбыларына геолокациясын жіберіп, полиция шақыруды сұраған», – деп жазды адвокат.
Қорғаушы далада ер адамдар арасында төбелес болғанын және оны Сания телефонға түсіріп алғанын айтты.
«Видеода қатысушылардың бірінің қолында пышақ бары көрінеді. Сонымен қатар қазақ тілінде “Бауыздамай кетпеймін” деген сөз естіледі. Полиция келген кезде үйден пышақ жарақатын алған жас жігіт табылған. Алайда тергеу Санияның жыныстық зорлық әрекеті туралы мәлімдемесіне құқықтық баға берудің орнына, оны кінәлі етіп көрсетуге және тергеу изоляторына қамауға тырысып отыр», – деді адвокат.
Ол 15 мамырға қараған түні қыздың қайтыс болғанын мәлімдеді.
Бұл жағдайға қатысты Шымкент қалалық полиция департаменті түсініктеме берді. Полиция мәліметінше 2 мамырға қараған түні қыз көңіл көтеру орнынан шығып танысының үйіне барған, ал үйде кәмелетке толмаған інісі, қарындасы және достары болған.
«Куәгерлердің айтуынша, бойжеткен мен жасөспірім арасында жанжал туындап, ол өзгелердің көзінше жасөспірімге пышақ сұғып алған», – деп хабарлады полиция.
Оқиға орнына келген жедел жәрдем зардап шеккен жасөспірімді ауруханаға әкетіп, полиция қылмыстық іс қозғады. Тәртіп сақшылары Санияны сол күні бөлімшеге апарып, дәрігерлер оның мас болғанын және денесінде жарақат жоқ екенін растады. Ол арада 10 күн өткен соң өзіне заңсыз әрекеттер жасалғанын айтқан.
«Тексеру аясында сол түні үйде болған барлық адамнан жауап алынды. Куәгерлердің сөзінше, бұл уәждер расталмады. Соған қарамастан, күдіктінің барлық мәлімдемесі сотқа дейінгі тергеу аясында тексеріліп жатыр», – делінген хабарламада.
Сот екі айға қамауға алған қыз 15 мамырға қараған түні камералас қыздарға өзін жайсыз сезінгенін жеткізген. Алдын ала мәліметке сай қыз қасындағы әйелдің жүрек ауруын емдейтін дәрісін көп мөлшерде ішіп қойып, ауруханада дәріден уланып көз жұмды. Қазір полиция суицид және уақытша ұстау изоляторындағы тәртіптің бұзылуы деректері бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.
