Сурет: aqorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл құжат еліміздің білім беру саласын заманауи инновациялық бағытта дамытуды көздейді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Жарлыққа сәйкес, Қазақстан Үкіметіне 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін Орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізудің 2026-2029 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспарын бекіту тапсырылды. Бұл жоспар дербес оқыту тетіктерін, заманауи цифрлық инфрақұрылымды, педагог кадрларды даярлауды және оқушылардың дербес деректерін қорғауды қамтуы тиіс.
Сонымен қатар, Үкімет қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту мақсатында 2026 жылдың 1 маусымына дейін пилоттық жобаны іске асыруы қажет. Бұл ретте Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес мүшесі Ли Кай-Фудің ұсынымдары негізге алынады.
Мектептердің техникалық жабдықталуын қамтамасыз ету де маңызды міндеттердің бірі. Осыған орай, 2026 жылдың 1 тамызына дейін оқу орындарында тұрақты әрі жылдамдығы жоғары интернет орнатылуы керек. Сондай-ақ, 1 қыркүйекке дейін білім беру контентін генерациялау, оқу нәтижелерін бағалау және академиялық адалдыққа кепілдік беруді қамтитын жасанды интеллектіні қолдану стандарттары бекітіледі.
Жарлықта мұғалімдердің кәсіби дамуына ерекше назар аударылған. 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуын көздейтін іс-шаралар жоспары бекітілуі тиіс. Бұл ретте жасанды интеллект технологиялары мұғалімдердің қызметін алмастырмай, тек білім беру процесіндегі қосымша тиімді құрал ретінде пайдаланылатыны атап өтілген.
Өз кезегінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдіктері 2026 жылдың 1 тамызына дейін жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі өңірлік жоспарларды бекітіп, пилоттық жоба мен кешенді жоспарды жүзеге асыру үшін тиісті ұйымдастыру шараларын қабылдайды.
Ақордада 2026 жылғы 12 мамырда қол қойылған №1274 Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелді. Құжат қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
