Шахтадағы сынақ: басып кетудің алдын алу жүйесінің тиімділігі дәлелденді

Фото: Қазақмыс

Шахтадағы тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақ қорытындысы басып кетудің алдын алатын жүйенің тиімділігін растады. «Нұрқазған» кенішінде жер асты тау-кен қазбаларында жұмыс істейтін персоналмен соқтығысудың және оларды басып кетудің алдын алатын жүйені тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтан өткізу аяқталды. Сынақ кезеңінің қорытындысы бойынша жабдық өзінің жұмысқа қабілеттілігін, іске қосылу дәлдігін және қолданыстағы тиімділігін растады. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.

Шахтада өздігінен жүретін техниканы пайдалану жоғары тәуекелмен тығыз байланысты: көріну аумағының шектеулігі, күрделі қозғалыс учаскесі, қазбалардың қиылысуы және адам факторы қауіпсіздікті арттыратын заманауи шешімдерді қолдануды талап етеді. Басып кетудің алдын алатын жаңа жүйе жағдайды бақылаудың қосымша құралына айналып, ықтимал қауіпті оқиғаның алдын алуға мүмкіндік береді.

Кешен борттық дисплей мен көлік құралының айналасындағы кеңістікті бақылайтын антенналар жиынтығын қамтиды. Дисплейде бақылаудың сегіз бағыты және үш әрекет ету аймағы көрсетіледі: жасыл, сары және қызыл.

Жасыл аймақ қауіпсіз қашықтықты білдіреді, сары аймақ объектіге дейінгі арақашықтықтың азайғанын ескертеді, ал қызыл аймақ техникамен немесе персоналмен қауіпті жақындасу орын алғаны туралы белгі береді. Осы жүйенің көмегімен оператор дер кезінде ақпаратпен қамтылып, оқыс оқиғаның алдын алу үшін жедел шара қолдана алады.

Жүйенің негізгі артықшылығының бірі — UHF жиілігіндегі нысандарды 15 метрге дейінгі қашықтықта, тіпті бұрылыстар мен көріну аймағы шектеулі аумақтарда да анықтау мүмкіндігінің болуы. Жүйе жабдықталған техниканы да, арнайы тегтері бар жұмыскерлерді де таниды. Бұл әсіресе қиылыстарда және шахта қазбасының күрделі аймағында қозғалу кезінде маңызды.

Бір жарым айдан астам уақытқа созылған тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақ кезеңінде жүйе себепсіз іске қосылусыз тұрақты жұмыс істеп, персонал мен техниканы анықтауда жоғары дәлдік көрсетті. Алынған нәтиже технологияны өндірісте одан әрі қолдануға болатынын дәлелдеді. Осындай цифрлық шешімдерді енгізу Қазақмыстың өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыру, өндірістік тәуекелдерді азайту және қызметкерлер үшін заманауи еңбек жағдайын қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмысының бір бөлігі болып табылады.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика