NASA-ның «Артемида-2» миссиясы Айға аттанды: экипажда тарихи өзгеріс бар

NASA жарты ғасырдан астам уақыттан кейін Айды зерттеу бағдарламасының жаңа кезеңін бастап, «Артемида-2» миссиясын сәтті ұшырды. Төрт астронавтан тұратын экипаж «Орион» кемесімен 10 күн ішінде Айды айналып ұшып, Жерге оралады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

«Орион» ғарыш кемесі Флоридадағы Кеннеди атындағы ғарыш орталығынан Space Launch System (SLS) зымыран-тасығышы арқылы ұшырылды. Бұл – 2022 жылы өткен ұшқышсыз «Артемида-1» сынақ миссиясының жалғасы әрі адамзаттың Айға оралуындағы маңызды қадам.

Миссияның экипажы төрт адамнан тұрады: Рид Уайзман, Джереми Хансен, Кристина Кох және Виктор Гловер. Бұл сапардың тарихи маңызы зор: Виктор Гловер – Айға аттанған алғашқы афроамерикалық, ал Кристина Кох – Ай миссиясына қатысқан тұңғыш әйел астронавт.

Бастапқыда бұл миссияның ұшырылымы техникалық ақауларға байланысты бірнеше рет кейінге шегерілген болатын. Алайда, инженерлер зымыран-тасығыштағы барлық мәселені шешіп, тарихи сапардың сәтті басталуын қамтамасыз етті.

NASA «Артемида» бағдарламасын 2019 жылы жариялаған. Оның басты мақсаты – Айға тұрақты миссиялар ұйымдастыру және болашақта Марсқа ұшу үшін арнайы база құру. «Артемида-2» миссиясынан кейін «Артемида-3» кезеңі жоспарланған, оның аясында астронавттар 50 жылдан астам уақыттан кейін Ай бетіне қайта қадам басады.

Фото: NASA TV/Handout/REUTERS

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика