Фото: Видеодан алынған кадр
Жангелдин ауылында «Бүтін бір отбасы мүшелерін өлтірді» деген күдікке іліккен Сұлтан Сәрсемалиевтің жазасы ауырлай түспек. Қылмыстық іске негізгі күдікті сот санкциясымен 2 айға қамауға алынып отыр. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.
ІІМ баспасөз қызметінің ақпаратына сай, күдікті Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты тергеу бұдан былай Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша жүргізіледі.
Оның біріншісі 99-баптың 2-бөлігі – «Екі немесе одан да көп адамды өлтіру» болса, екіншісі – «Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған ұрлық» (188-баптың 2-бөлігі).
– Атырау облыстық Полиция департаменті кісі өлтіру, сондай-ақ, олардың мүлкін ұрлау фактілері бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Қылмыстық іс бойынша күдікті ұсталды және сот оған қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады, – деп хабарлады ІІМ.
Еске салайық, Сұлтан Сәрсемалиев пен Ақбаян Мұқанғалиева Индонезия елінде ұсталды. Олардан марқұмдардың жеке куәліктері мен банк карталары тәркіленген болатын.
Күдікті кінәсін толық мойындаған. Ал оның экс-әйелі, 5 баланың анасы Ақбаян Мұқанғалиева психикалық денсаулық орталығында ем қабылдап жатыр.
