Астанада полиция капитаны өз бастығын соққыға жығып, қылқындырған

Астанада өзінің тікелей басшысына қол көтерген полиция қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты. Ол бір жылға бас бостандығынан шектеліп, капитан шенінен айырылды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Іс материалдарына сәйкес, оқиға 2025 жылдың 4 шілдесінде болған. Түнде полиция қызметкерлері мейрамханаларда кальян шегуге тыйым салу ережесінің сақталуын тексерген. Аудандағы жергілікті полиция қызметінің басшысы қарамағындағы қызметкерлермен бірге бірнеше мекемеде заңбұзушылықты анықтаған. Рейд кезінде Абетаев есімді қызметкер басшысына бірнеше рет қоңырау шалған, бірақ ол телефонының ақаулығына байланысты жауап бере алмаған. Кейінірек тәртіп сақшысы бастығынан әкімшілік хаттама толтыруды сылтауратып, мейрамхананың жанына келуін сұраған.

«Кездесу кезінде екеуінің арасында жанжал туындап, полиция қызметкері басшысын жұдырықпен бетінен ұрған, содан кейін тағы бірнеше соққы жасаған. Олар көліктердің арасына құлап, Абетаев қылқындыру әдісін қолданған. Жәбірленуші жарақат алып, ауруханаға жүгінген. Сараптама оның маңдайында, ернінде жара барын және мұрын сүйектерінің сынғанын анықтады. Бұл денсаулыққа келтірілген жеңіл зиян деп танылды», — делінген сот қаулысында.

Сот шабуыл жасаған полицейді денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірді деп танып, оған бір жылға бас бостандығын шектеу және 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындады. Тәртіп сақшысы капитан шенінен айырылды. Сонымен қатар, Абетаев медиация аясында жәбірленушіге 3 миллион теңге төледі.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика