Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Ирандағы режимді құлату үшін жұмыс істеп жатқанын мәлімдеп, елдің жаңа басшысын «жаңа тиран» деп атады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Биньямин Нетаньяху өз сөзінде Израильдің Иран халқына қазіргі билікті құлатуға көмектесуге ниетті екенін жеткізді.
«Израиль Иран халқының режимді құлату мүмкіндігі үшін жұмыс істеп жатыр», — деді ол.
Сонымен қатар ол Иранның жаңа басшысы Моджтаба Хаменейиге қатысты өткір пікір білдірді. Премьер-министр оны «жаңа тиран» және «қуыршақ» деп атап, оның көпшілік алдына шығуға жүрексінетінін меңзеді.
«Кейде тосынсыйлар болады. Біз ескі тиранды алып тастадық. Ал жаңа тиран, жаңа қуыршақ көпшіліктің көзіне түсе алмайды», — деп атап өтті Нетаньяху.
Сондай-ақ, егер өзі сақтандыру агенті болса, Хаменейиге сақтандыру полисін сатпайтынын айтып, әзілмен ескерту жасады.
Нетаньяху Израильдің аймақтағы ықпалы артқанын ерекше атап өтті.
«Мен сіздерге уәде бердім: біз Таяу Шығыстың картасын өзгертеміз. Достар да, дұшпандар да Израильдің бұрынғыдан әлдеқайда күшейгенін көреді. Мұны қазір барлық көршілеріміз мойындап отыр», — деді Израиль премьері.
Дегенмен, ол Ирандағы режимнің тағдыры толығымен халықтың өз қолында екенін мойындады.
«Режим Иран халқының күш-жігерінсіз құламайды. Егер құламаса, ол әлсірейді. Ал егер құласа, мәселе түбегейлі шешіледі», — деп сөзін қорытындылады Нетаньяху.
Фото: Әлеуметтік желіден
