Бүгін түнде Жер шарын көктемнің алғашқы қуатты магниттік дауылы шарпыды, оның әсері үш тәулікке дейін созылуы мүмкін, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Геомагниттік дауыл Астана уақытымен түнгі сағат екі шамасында басталған. Бұған Күн желі жылдамдығының күрт артуы себеп болды. Қазір оның жылдамдығы қалыпты деңгейден екі есе жоғары, яғни секундына 700 шақырымға жетіп отыр.
Дауылдың күші орташа деңгейде (G1.7) бағаланды. Алайда бұл көрсеткіштің өзі энергия жүйелері мен радиобайланыс жұмысында ақаулар тудыруға жеткілікті.
2024 жыл Күн белсенділігі бойынша рекордтық жыл болуы ықтимал. Себебі жыл басынан бері өткен күндердің 23%-да осындай магниттік дауылдар тіркелген.
«Қазіргі дауыл өте тұрақты, оның бәсеңдеу белгілері байқалмайды. Алайда алдағы сағаттарда қысқа мерзімді үзілістер болуы ықтимал», — дейді ғалымдар.
Фото: Әлеуметтік желіден
