Атырауда BINOM мектебінде оқушылар пышақ ұстаған

Атырау қаласында мектеп ішінде болған жағдай қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды. Д.Қонаев атындағы BINOM мектебінде жоғары сынып оқушысы қыз балаға үшкір затпен жарақат салынған. Полицияның мәліметінше, күдікті 9-сынып оқушысы. Ал қолданылған заттың пышақ па, әлде қайшы ма екені әзірге нақтыланбаған.

Зардап шеккен оқушыға жедел медициналық көмек көрсетіліп, ол Атырау облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр. Күдікті ұсталып, ата-анасымен бірге полиция бөліміне жеткізілген.

Мектеп ішінде мұндай оқиғаның болуы ата-аналардың қауіпсіздік мәселесіне қатысты алаңдаушылығын күшейтті. Соңғы уақытта оқу орындарында буллинг, төбелес және суық қару алып жүру фактілері жиілеп кеткені жиі айтылып жүр. Соған қарамастан, білім беру мекемелерінде бақылау мен тәртіптің қалай қамтамасыз етіліп отырғаны туралы сұрақ көбейіп келеді.

Тұрғындардың пікірінше, мектептердегі қауіпсіздік талаптары күшейтілуі тиіс. Себебі оқушылар сабаққа үшкір зат алып кіретін жағдайға жетсе, бұл жеке бір баланың емес, жалпы жүйедегі олқылықтың белгісі. Осындай жағдайлардан кейін білім беру мекемелеріндегі жауапкершілік пен бақылау мәселесі қайта қаралуы керек деген талап айтылып жатыр.

Видео: moldashova_zh

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика