Өскеменде қаңғыбас иттер балаларға шапты — әкімдік қайғылы жағдай болғанын күтіп отыр ма?

Өскемен қаласында қаңғыбас иттердің мәселесі тағы да ушығып тұр. Әлеуметтік желіде тараған видеода көшеде кетіп бара жатқан екі баланың соңынан бірнеше ит жүгіріп, шабуыл жасауға ұмтылғаны анық көрінеді. Балалар қорқып қашқан, ал жағдай кез келген сәтте қайғылы оқиғамен аяқталуы мүмкін еді. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.

Тұрғындардың айтуынша, қалада қараусыз жүрген иттердің саны соңғы жылдары көбейіп кеткен. Әсіресе мектеп маңы, аулалар және бос жатқан жерлерде топтасқан иттер балаларға нақты қауіп төндіріп отыр. Соның салдарынан ата-аналар балаларын мектепке жалғыз жіберуге қорқатын болған.

Өскемен қаласының травматология пунктінің дерегіне сәйкес, тек 2025 жылдың өзінде қаңғыбас иттердің тістеуінен кейін 465 адам медициналық көмекке жүгінген. Ал 2026 жылдың ақпан айының өзінде 69 жағдай тіркелген. Бұл мәселенің жылдан-жылға күрделеніп бара жатқанын көрсетеді.

Тұрғындар әкімдікке бірнеше рет шағым айтылғанын, бірақ нақты нәтиже жоқ екенін айтады. Қауіпті жағдай күн сайын қайталанып жатқанымен, жауапты органдар мәселені толық шешудің орнына уақытша шаралармен ғана шектеліп отыр деген сын көп.

Халықтың айтуынша, қайғылы жағдай болмайынша, бұл проблемаға ешкім шындап кіріспейтін сияқты.

Видео: zhuldyz_seitkumar

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика