Қазақстанның бірінші, әлемнің үшінші ракеткасы Елена Рыбакина Billie Jean King Cup турниріне қатыспайды. Бұл шешімді теннисші мен оның штабы Қазақстан теннис федерациясымен бірлесіп, әлемдік рейтингте көш бастау мақсатында қабылдады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Федерация Billie Jean King Cup іріктеу кезеңіне қатысатын Қазақстан әйелдер құрамасының ресми құрамын жариялады. Оған Анна Данилина, Юлия Путинцева, Жібек Құламбаева, Аружан Сағындықова және Соня Жиенбаева кірді. Елдің үздік теннисшісінің тізімде болмауы жанкүйерлер арасында бірден сұрақ тудырған еді.
«Ұлттық құрама көшбасшысы әрі әлемнің үшінші ракеткасы Елена Рыбакина алдағы кездесуге қатыспайды. Бұл шешімді Қазақстан теннис федерациясы спортшымен және оның бапкерлер штабымен бірігіп қабылдады. Еленаның биылғы маусымдағы басты басымдығы — әлемнің бірінші ракеткасы атағы үшін күрес. Федерация қазақстандық теннисшінің WTA рейтингінде көш бастауы Қазақстан үшін тарихи жеңіс болатынына сенімді. Сондықтан қазір барлық күш осы стратегиялық мақсатқа жетуге бағытталады», — делінген ресми хабарламада.
Елена Рыбакинаның бұл мақсатына жетуге толық мүмкіндігі бар. Жақында ол Индиан-Уэллс турнирінің жартылай финалына шығып, өз карьерасында алғаш рет WTA рейтингінің live-нұсқасында екінші сатыға көтерілді.
Фото: Әлеуметтік желіден
