Бірлігіміздің арқасы: Елордада құрылыс саласының өкілдері жаңа Конституция жобасын қолдады

Астанада құрылыс саласының өкілдері Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын бірауыздан қолдайтындарын білдірді, деп хабарлайды QazaqToday.info ақпараттық порталы.

Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты қалалық «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының филиалына сілтеме жасап хабарлайды. Мемлекет басшысының ел назарына ұсынған бұл тарихи жобасын түбегейлі қолдап қана қоймай, оның негізгі қағидаларын қоғам арасында кеңінен насихаттап, толықтай атқарып шығу үшін Астана қаласында бүгінде сан түрлі ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.

Маңызды іс-шараға елорданың сәулеті мен келбетін қалыптастырып, құрылыс саласында еселі еңбек етіп жүрген мыңнан астам қызметкер қатысты. Кездесу барысында қатысушыларға жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері мен басымдықтары жан-жақты түсіндіріліп, алдағы өтетін жалпыұлттық референдумның елдің болашақ дамуы мен тұрақтылығы үшін стратегиялық маңызы ерекше айтылды.

Жиында спикер ретінде Парламент Мәжілісінің депутаты Марат Башимов, Астана қалалық мәслихатының депутаты Арсланбек Мағзұм және белгілі кәсіпкер Әсем Нұрсейтова сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды.

«Сіздер – елордамыздың көркіне көрік қосып жүрген, қаламыздың еңселі болуына тікелей үлес қосып жатқан еңбекқор жандарсыздар. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында Астанамыз күн сайын ажарланып, өркендеп келеді. Біз бүгін жайлы әрі жылы үйлерде алаңсыз өмір сүріп жатырмыз. Өйткені құрылыс саласы тек құрғақ шаршы метр салумен ғана шектелмейді, ол – ең алдымен адамдарға жайлылық, отбасылық жылулық пен қолайлы өмір сүру ортасын сыйлайтын қасиетті сала. Көпбалалы ана ретінде мен үшін де балаларымның ертең қандай елде, қандай қоғамда өмір сүретіні аса маңызды. Бұл мәселе сіздер үшін де үлкен маңызға ие деп ойлаймын. Сондықтан 15 наурыз күні бәріміз бір кісідей өз сайлау учаскемізге барып, дауыс беріп, ел болашағы үшін таңдауымызды жасайық. Бірлігіміз бен ынтымағымыздың арқасында еліміз одан әрі дамыған, қуатты да прогрессивті мемлекет боларына кәміл сенемін», – деді Әсем Нұрсейітова жиналған қауымға қарата сөйлеген жігерлі сөзінде.

Елордада жаңа Конституция жобасын қолдауға бағытталған кездесулер мен түрлі форматтағы іс-шаралар легі әлі де жалғасып жатыр. Онда қаладағы ірі еңбек ұжымдары мен түрлі сала өкілдеріне мемлекеттің негізгі заңнамалық құжаты саналатын жаңа жобаның басты қағидалары, оның азаматтардың құқығын қорғаудағы рөлі мен маңызы мамандар тарапынан жан-жақты әрі ұғынықты тілде түсіндірілуде. Бұл шаралар халықтың саяси белсенділігін арттыруға өз септігін тигізіп отыр.

Фото: Астана қаласының әкімдігі

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика