Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сербия президенті Александр Вучичпен келіссөздер қорытындысы бойынша еліміз сербиялық кәсіпкерлерді қолдауға және оларға қолайлы жағдай жасауға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы сербиялық әріптесімен кеңейтілген құрамда өткен кездесуде сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамытуға ерекше назар аударылғанын атап өтті. Екі ел арасындағы тауар айналымы артып келе жатқанымен, экономикалық әлеует әлдеқайда жоғары екені айтылды. Қазіргі таңда Қазақстанда 60-қа жуық серб компаниясы жұмыс істейді.
«Біз Сербия кәсіпкерлеріне қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Сапар қарсаңында Қазақстан – Сербия Іскерлік кеңесінің отырысы өтті. Енді бизнес өкілдері арасындағы байланысты одан әрі күшейту қажет», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөздер барысында көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселесі де талқыланды. Өткен жылы Астана мен Белград арасында тікелей әуе рейсінің ашылуы екіжақты қарым-қатынасты дамытудағы маңызды қадам ретінде бағаланды. Тараптар Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға және жаңа жүк тасымалдау бағыттарын ашуға уағдаласты.
Сонымен қатар энергетика саласында аса маңызды минералдарды өндіру және өңдеу, қосылған құны жоғары өнім шығару бойынша өзара іс-қимылды күшейтуге келісім жасалды. Бұл бағытта тиісті министрліктер мен операторларға нақты ынтымақтастық жолдарын айқындау тапсырылды.
Фото: Әлеуметтік желіден
