Сербия Президенті Александр Вучич Қазақстанға ресми сапармен келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманды Ақорда резиденциясында салтанатты рәсіммен қарсы алды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Салтанатты шара барысында құрмет қарауылының рота бастығы екі елдің президенттеріне рапорт берді, одан кейін Қазақстан мен Сербияның мемлекеттік әнұрандары орындалды.
Рәсімнен соң мемлекет басшылары бір-біріне өз делегацияларының мүшелерін таныстырды. Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Вучич екіжақты келіссөздер жүргізу үшін арнайы залға бет алды.
Фото: Ақорда
