Нартай Аралбайұлы: «Садақ ату енді футбол секілді дербес дамиды»

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Қазақстандағы дәстүрлі садақ ату спортының жаңа мәртебеге ие болғанын мәлімдеді. Енді Республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясы ресми аккредитациядан өтіп, жеке спорт түрі ретінде дамитын болды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Бұл жаңалығымен Федерация президенті қызметін қоса атқаратын депутат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.

«Сүйінші, мергендер! Федерация аккредитация алды. Бұл – үлкен саяси маңызы бар шешім. Дәстүрлі садақ ату енді футбол, волейбол секілді жеке федерация ретінде дербес даму жолына түсті», — деп жазды Нартай Аралбайұлы.

Жаңа мәртебеге ие болу федерацияға тәуелсіз жұмыс істеуге жол ашады. Енді ұйым өз қызметкерлерін бекітіп, спортшыларға стипендия тағайындап, мемлекеттен тікелей қаржылық қолдау ала алады. Сарапшылар бұл қадам ұлттық спорттың дамуына тың серпін береді деп болжайды.

Бұған дейін 2019 жылы құрылған федерацияның аккредитациясы Ұлттық спорт қауымдастығына тиесілі болғандықтан, оның дербес әрекет етуіне бірқатар шектеулер болған еді.

Депутат бұл жетістікті ортақ еңбектің жемісі деп атап, барша мергендер мен спорт жанашырларын құттықтады.

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика