«Найман» жеңіспен оралды: Қуат Хамитов бразилиялықты ұтты
Қазақстандық файтер Қуат Хамитов Грузияда өткен турнирде бразилиялық Алан Силваны төрешілердің бірауыз шешімімен жеңді. Бұл оның 28-ші жеңісі.
Қазақстандық танымал файтер Қуат Хамитов Грузияның Батуми қаласында өткен GFC 36 x GBC 4 турнирінде кезекті жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
«Найман» лақап атымен танылған отандасымыз бразилиялық спортшы Алан Силвамен күш сынасты. Жартылай орта салмақта өткен бұл кездесу үш раундқа созылып, төрешілердің бірауыз шешімімен қазақстандық файтердің пайдасына шешілді.
Осылайша, Қуат Хамитов кәсіби мансабындағы 28-ші жеңісін тойласа, оның қарсыласы Алан Силва 12-ші рет жеңілістің ащы дәмін татты.
Бұл – Хамитовтың былтырғы қазан айынан бері ММА ережесі бойынша өткізген алғашқы жекпе-жегі. Сол кезде ол ресейлік файтер Анатолий Бойкодан басым түскен болатын. Ал Силва соңғы рет желтоқсанда шаршы алаңға шығып, отандасы Моасир Рошаны екінші раундта жеңген еді.
Фото: Әлеуметтік желіден
