«Денсаулығым жұмысқа кедергі болмауы керек» әрбір ісін жарнамалай берген Талғар әкімі қызметінен кетті

Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Талғар қаласының әкімі Арыстанбек Әбілхайырұлы қызметінен кететінін мәлімдеді. 42 жастағы әкім мұндай шешімді денсаулығына байланысты қабылдағанын айтты, деп хабарлайды QazaqToday.info ақпарат агенттігі.

Ол бұл туралы өзінің Facebook парақшасында жазып, қала тұрғындарымен қоштасты.

«Денсаулығыма байланысты қызметімді аяқтауға шешім қабылдадым. Бұл шешім маған оңайға соққан жоқ. Біраз уақыт денсаулығыма байланысты еңбек демалысында болдым. Денсаулық жағдайым қызметтік міндеттерімді толыққанды және жауапкершілікпен орындауға кедергі келтірмеуі үшін осындай шешім қабылдауды жөн деп санаймын», — деп түсіндірді Арыстанбек Әбілхайырұлы.

Сонымен қатар ол бір жыл бұрын өзіне дауыс берген қала тұрғындарына, Талғар ауданының басшысы мен әріптестеріне алғысын білдірді.

«Алдағы уақытта Талғар қаласының дамуына бей-жай қарамай, тұрғындардың игілігіне бағытталған бастамаларды қолдауды жалғастырамын. Қаламыздың болашағы жарқын, даму перспективасы зор екеніне сенімдімін», — деп жазды ол.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика