Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың 20 жастағы ұлы Ахмат Қадыров республиканың білім беру саласына жетекшілік ететін болды. Қазірдің өзінде вице-премьер қызметін атқаратын жас шенеунік білім министрімен кездесіп, мектептерді жаңарту және оқу бағдарламаларын қолдау мәселелерін талқылап үлгерген, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Бұл тағайындау туралы Ахмат Қадыров өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Ол білім саласы қоғам дамуының негізгі іргетасы екенін атап өтіп, бұл жауапты міндетті әкесі Рамзан Қадыровтың жеке өзі тапсырғанын жеткізді.
«Білім беру саласы әрқашан қоғамымыз бен мемлекетіміздің дамуындағы негізгі бағыттардың бірі болған және солай болып қала береді. Шешенстан Республикасы вице-премьері міндеттерінің жүктелуіне байланысты ұлттық көшбасшымыз, Шешенстан Республикасының басшысы, Ресей батыры Рамзан Ахматұлы Қадыров маған осы маңызды бағытқа жетекшілік етуді сеніп тапсырды», — деп жазды Ахмат Қадыров.
Фото: Әлеуметтік желіден
