Қазақстанда ауа райы құбылады: Астанада -18°С аяз, Шымкентте +13°С жылы
«Қазгидромет» алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамын жариялады. Астанада аяз күшейсе, Алматы мен Шымкентте күн жылынып, жаңбыр жауады.
Синоптиктер Қазақстанның ірі қалаларында алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, еліміздің үш мегаполисінде ауа райы әртүрлі болады.
Астанада 1 ақпанда жауын-шашынсыз, түнде -16-18°С, күндіз -6-8°С аяз болады. 2 ақпанда қар жауып, бұрқасын соғады. Ауа температурасы түнде -15-17°С, күндіз -8-10°С суық. 3 ақпанда да қар жауып, бұрқасын жалғасады, күндізгі температура -11-13°С дейін төмендейді.
Алматыда 1-2 ақпанда жауын-шашын күтілмейді, түнде және таңертең тұман түседі. Ауа температурасы түнде -2-5°С аралығында болса, күндіз +4+8°С дейін жылынады. 3 ақпанда күн бұзылып, жаңбыр жаууы ықтимал, күндіз термометр бағаны +9°С көрсетеді.
Шымкентте алдағы үш күнде жаңбырлы ауа райы сақталады. 1 ақпанда түнде және таңертең тұман түсіп, жауын-шашын (негізінен жаңбыр) болады. Күндіз +11+13°С жылы. 2-3 ақпан күндері де жаңбыр толастамайды, желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін. Ауа температурасы түнде +4+6°С, күндіз +7+13°С болады.
