Астана полициясы 177 млн теңгеге люкс көліктер алады: Техникалық талабы таңғалдырды

Астана қаласының полиция департаменті қорғалатын тұлғалар мен ресми делегацияларды алып жүру үшін 176,7 миллион теңгеге үш арнайы автокөлік сатып алуға тендер жариялады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған құжатқа сәйкес, әр көліктің бағасы 58,9 миллион теңгеден аспауы тиіс. Өтінімдерді қабылдау небәрі бір аптаға созылып, байқауға жалғыз ғана компаниядан өтінім түскен.

Техникалық құжаттамада көліктің нақты моделі көрсетілмегенімен, оның сипаттамалары өте егжей-тегжейлі жазылған. Полицияға көлемі кемінде 6,2 литр болатын V8 бензин қозғалтқышы бар, қуаты 420 ат күшінен кем емес, қара түсті жаңа жол талғамайтын көлік қажет болған. Беріліс қорабы – он сатылы автоматты.

Мұндай сипаттамалардың қарапайым көлікке еш қатысы жоқ екені анық. Көлік ұзындығы бес метрден, ені екі метрден асуы керек. Бұл – қалалық кроссовер емес, үкіметтік кортеждерде жүретін көліктердің санаты.

Көліктің дөңгелектеріне де ерекше талап қойылған: 24 дюймдік дискілері бар жазғы шиналар. Салоны былғарымен қапталып, шатыры панорамалы болуы шарт. Сонымен қатар артқы жолаушыларға арналған жеке мультимедиалық жүйе, орындықтардың үшінші қатарын бүктейтін электр жетегі және жүксалғышты ақылды жүйемен ашу функциясы болуы тиіс.

Бір қызығы, байқауды Қазақстандағы ірі автомобиль құрастыру кәсіпорны – «СарыарқаАвтоПром» ЖШС жеңіп алған. Бұл зауыт JAC, Peugeot, Hyundai және Chevrolet Niva сияқты брендтерді құрастырады.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, елордалық полицейлерге қажет болған осындай премиум-класты көліктер бұл кәсіпорында шығарылмайды. Бұл жағдай тендердің қалай өткеніне қатысты біраз сұрақ тудырады.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика