Қазақстанның жаңа Конституциясы дайын: Ата Заң референдум арқылы өзгереді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Конституциялық комиссия жұмысының нәтижелері таныстырылды. Комиссия Ата Заңның түбегейлі жаңа мәтінін әзірлеп, оны халық талқысына шығаруды ұсынды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және Президенттің көмекшісі Ержан Жиенбаевты қабылдады.

Кездесуде Эльвира Әзімова комиссия отырыстарындағы талқылаулар нәтижесінде Конституцияның мүлдем жаңа мәтіні дайындалғанын баяндады.

Комиссия мүшелерінің айтуынша, жаңа құжат конституциялық моделді айтарлықтай жаңғыртады, саяси институттарды жетілдіреді және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтеді.

Осыған байланысты комиссия жобаны Конституцияның жаңа нұсқасы ретінде қарастырып, оны жалпыхалықтық талқылау үшін жариялау қажеттігін жеткізді.

Президент Конституциялық комиссияның ауқымды жұмыс атқарғанын атап өтіп, Ата Заңның жаңа нұсқасын халықтың қарауына шығарудың маңызды екенін қолдады.

«Конституцияның жаңа жобасы бойынша түпкілікті шешімді қазақстандықтар республикалық референдумда қабылдайды», — деді Мемлекет басшысы.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика