Алматы халықаралық әуежайы акционері емес заңды тұлғаға 6,8 миллиард теңге дивидендті заңсыз төлеген. Бұл ірі заңбұзушылықты Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің тексерісі анықтады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Ведомствоның профилактикалық бақылауы әуежайдың қаржылық қызметіндегі елеулі кемшіліктерді әшкереледі.
«Акционер статусы жоқ заңды тұлғаға 6,8 млрд теңге көлемінде дивидендті заңсыз төлеу фактілері анықталды. Бұл стратегиялық нысанның қаржылық тұрақтылығына кері әсер етіп, оның активтері мен даму мүмкіндіктерін шектеді», — делінген ресми хабарламада.
Тексеріс аяқталғаннан кейін заңсыз төленген дивидендтердің толық сомасы әуежай шотына қайтарылды.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, бұл қаражат әуе айлағын дамытуға, қызмет көрсету сапасын жақсартуға және жолаушыларға жайлы жағдай жасауға жұмсалады.
Фото: Әлеуметтік желіден
