Щучинск қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжде қызылша індетінің өршуіне байланысты карантин жарияланды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Оқу орнының баспасөз қызметінің мәліметінше, кадеттер демалыстан оралғаннан кейін олардан вирустық аурудың белгілері байқалған. Қазіргі уақытта 66 курсант дәрігерлердің бақылауында жатыр.
Ауру екі кадетте асқынған, бірақ олардың жағдайы тұрақты деп бағалануда. Індет жұқтырғандармен байланыста болған барлық адам оқшауланды.
«Барлық науқасқа қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеу үшін оқу орнында карантин жарияланды. Медициналық және санитарлық-эпидемиологиялық бақылаудың қосымша шаралары ұйымдастырылып, жеке құрамның денсаулық жағдайына мониторинг күшейтілді», — делінген ресми хабарламада.
Колледж әкімшілігі жағдай Қорғаныс министрлігі мен денсаулық сақтау органдарының тікелей бақылауында екенін жеткізді.
Фото: Әлеуметтік желіден
