Америка Құрама Штаттары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) құрамынан ресми түрде шықты. Бұл процедураны бір жыл бұрын АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі бастаған болатын, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
ДДҰ дерегінше, АҚШ 2024-2025 жылдарға арналған 260 миллион доллар көлеміндегі жарнасын төлемей кеткен. Ресми Вашингтон ұйымның қызметі АҚШ-қа елеулі экономикалық зиян келтірді деп санайды.
ДДҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус бұл шешімге қатысты өз пікірін білдірді. Ол АҚШ-тың бұл қадамы бүкіл әлем үшін үлкен жоғалту екенін атап өтіп, Вашингтон шешімін қайта қарастырады деп үміттенетінін жеткізді.
«Америка Құрама Штаттарының ұйымнан шығуы – бүкіл әлем үшін орны толмас өкініш», – деді Гебрейесус.
Сарапшылардың пікірінше, ДДҰ бюджетінің шамамен 18 пайызын қамтамасыз етіп келген АҚШ-тың бұл әрекеті ұйымды ауыр бюджеттік дағдарысқа ұшыратуы әбден мүмкін.
Фото: Әлеуметтік желіден
