Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Парламентінің жұмысын түбегейлі өзгертетін бірқатар жаңа реформаны жариялады, оның ішінде заң қабылдаудың үш кезеңнен тұратын жаңа процедурасы бар, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Президенттің ұсынысы бойынша, енді депутаттар бес жыл мерзімге сайланады. Сонымен қатар заң шығару процесі де өзгереді: депутаттар алдымен заң жобасын жалпы мақұлдайды, екінші кезеңде оған енгізілетін өзгерістерді бекітеді, содан кейін ғана заңды толық қабылдайды.
«Осылайша, біз Парламент қызметін түбегейлі қайта құру арқылы осыған дейін жүзеге асырылған саяси реформаларды одан әрі жалғастырамыз. Мемлекеттің институционалдық тұғырын нығайтып, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына сәйкес орнықты саяси жүйе қалыптастырамыз. Басты мақсатымыз да – осы», — деді Мемлекет басшысы.
Тоқаевтың айтуынша, бұл реформалар қоғамның сұранысы мен мемлекеттік даму логикасына негізделген және өзгерістерге деген қажеттілік әлдеқашан пісіп-жетілген. Жұмыс тобының талқылауы барысында парламенттік реформа бойынша бес жүзден астам ұсыныс келіп түскен.
Сонымен қатар Президент қоғамды мемлекеттік билік жүйесінде аймақтар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдігі алаңдататынын атап өтті.
«Бұл, әрине, назардан тыс қалдыруға болмайтын маңызды тақырып. Менің ұстанымым – қазақстандық келісім мен бірліктің конституциялық қағидаттарын, сондай-ақ билік пен қоғамның қалыптасқан өзара іс-қимыл дәстүрлерін сақтап қана қоймай, оны күшейту қажет», — деп түйіндеді сөзін Президент.
Фото: Әлеуметтік желіден
