АҚШ президенті Дональд Трамптың Гренландияны сатып алу ұсынысына қарсы шыққан бірқатар Еуропа еліне баж салығын енгіземін деп қорқытуына байланысты Еуроодақ шұғыл жиналыс өткізбекші, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Трамптың айтуынша, 1 ақпаннан бастап Дания, Норвегия, Швеция, Франция, Германия, Ұлыбритания, Нидерланд және Финляндияға 10% мөлшерінде (кейін 25%-ға дейін өсуі мүмкін) баж салығы енгізіледі.
АҚШ президенті импорттық баж салығы «Гренландияны толық және түпкілікті сатып алу туралы келісім жасалғанға дейін» күшінде болатынын мәлімдеді.
Вашингтон бұл Данияның автономиялық аумағы АҚШ қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызға ие екенін алға тартып, тіпті күш қолдануы мүмкін екенін де жоққа шығармады.
Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер бұл әрекетті қатаң сынады.
«НАТО бойынша одақтастардың ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін баж салығын енгізу – түбегейлі қате шешім», – деді ол.
Ал Франция президенті Эммануэль Макрон Трамптың қоқан-лоқысын «мүлдем орынсыз» деп атады.
Еуроодаққа мүше 27 елдің елшілері қатысатын шұғыл отырыс бүгін Брюссельде Гринвич уақытымен сағат 16:00-де өтеді.
