Таразда 9-сынып оқушысы құрдасын өлтіріп тастаған

Фото: Pixabay

Тараз қаласындағы мектептердің бірінде 9-сыныпта оқитын жасөспірім өз құрдасымен жанжалдасып, төбелес кезінде ауыр соққы жасаған. Мойын тұсына тиген соққы салдарынан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмған, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы. 

Сот отырысында айыпталушы кінәсін ішінара мойындады. Ал марқұмның жақындары моральдық зиянды өтеу туралы талап қойған.

Жаза тағайындау кезінде сот сотталушының кәмелетке толмағанын, кінәні толық емес мойындағанын және оң мінездемелерін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ.

Сот үкімімен жасөспірім кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, оның заңды өкілдерінен жәбірленуші тараптың пайдасына 10 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіріп алу жөнінде шешім шықты.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика