АҚШ Сенаты АҚШ президенті Дональд Трамптың Конгресс келісімінсіз Венесуэлаға қарсы әскери әрекетке баруына шектеу қоюы ықтимал қаулыны мақұлдады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Reuters таратқан мәліметке сүйенсек, құжатты 52 сенатор қолдап, 47 сенатор қарсы дауыс берді. Қарсы болғандардың қатарында Республикалық партия өкілдерінің бір бөлігі де бар.
Сенат қабылдаған бастама АҚШ президентінің Венесуэлаға қатысты әскери шешім қабылдау еркіндігін тарылтуды көздейді. Яғни Конгресс нақты келісім бермейінше, Ақ үй әскери операция бастай алмайды деген талапты алға тартады.
Бұған дейін де ұқсас ұсыныстар Конгрессте бірнеше рет көтерілгенімен, заң шығарушылар оларды өткізе алмаған. Жазбада Венесуэлаға қатысты әскери қысым 2025 жылдың күзіне қарай күшейгені айтылған.
Құжаттың тағдыры алдағы күндері тағы бір сынақтан өтеді. Reuters мәліметінше, қаңтардың соңына қарай Өкілдер палатасы осыған ұқсас мәселені дауысқа қоюды жоспарлап отыр.
Осы талқылаулар аясында АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэланы және оның мұнайдан түсетін кірісін ұзақ уақыт бақылауда ұстауға мүмкіндік бар екенін айтты. Ол АҚШ венесуэлалық мұнайды пайдаланғысы келетінін және елге қаржылай қолдау көрсету ниеті барын жеткізді.
«АҚШ Венесуэланы және оның мұнайдан түсетін кірісін ұзақ уақыт бақылауда ұстай алады», – деді Трамп.
Еске салайық, 3 қаңтар күні Каракаста өткен америкалық операция кезінде Венесуэла басшысы Николас Мадуро мен оның жұбайын ұстап, кейін АҚШ-қа әкеткені туралы ақпарат тараған.
Фото: Әлеуметтік желіден
