Фото: pexels.com
Венесуэла вице-президенті Дельси Родригес Ресейде жүргені белгілі болды – бұл ақпаратты Reuters бірнеше дереккөзге сүйеніп хабарлады.
Ал оның ағасы, Ұлттық ассамблея төрағасы Хорхе Родригес ел астанасы Каракаста екені нақтыланды. Осыған дейін Дельси ұлттық телеарнадан үндеу жасап, Мадуро мен оның жұбайы тірі екенінің ресми дәлелдерін талап етті. Хорхе Родригес шабуылдан кейін ел алдына шыққан жоқ.
Бұл туралы Qazaqtoday ақпарат агенттігі хабарлайды.
Дельси Родригес кім және оның саяси салмағы қандай?
56 жастағы Дельси Родригес — Венесуэла экономикасында шешуші рөл атқарып келе жатқан саясаткер. Ол министр және вице-президент қызметін қатар атқарып, елдің мұнай мен қаржы саласына тікелей ықпал етіп отыр.
Президент Николас Мадуро оны 2018 жылы вице-президенттікке тағайындап, «мың шайқаста шыңдалған революционер» деп сипаттады. 2024 жылы ол Дельсиге ел экономикасының өзегі саналатын мұнай өнеркәсібін сеніп тапсырды.
Родригес – Каракастық, марксистік қозғалыстарға қатысқан әкесі негізін қалаған «Социалистік лига» партиясының өкілі. Оның ағасы Хорхе Родригеспен тығыз жұмыс істейді.
АҚШ шабуылы мен Қытай реакциясы: Латын Америкасында шиеленіс күшейіп отыр
Қытай Венесуэлаға қарсы АҚШ әрекеттерін қатаң айыптады. Елдің Сыртқы істер министрлігі Вашингтонның суверенитетке қарсы күштеп араласуын айыптап, мұндай қадам Латын Америкасы мен Кариб аймағында тұрақсыздық тудыратынын ескертті.
Сонымен қатар, Қытай халықаралық құқық пен БҰҰ жарғысын сақтауға шақырды. Бұл дағдарыс жаһандық державалар арасындағы қайшылықтардың Латын Америкасына да тарай бастағанын көрсетеді.
Халықаралық саясаттанушы Екатерина Базанова бұл шиеленісті АҚШ-тың ішкі аудиториясын иландыру үшін жасалған саяси тактика деп есептейді. Оның пікірінше, Мадуроны есірткі картелінің жетекшісі ретінде көрсетуді көздейтін жаңа риторика АҚШ-қа әскери іс-қимылдарды ақтауға мүмкіндік береді.
Базанова қазіргі жағдайда оппозицияның билікті бейбіт жолмен алуы екіталай екенін айтады. Елдегі экономикалық жағдай халықты күнкөріс қамына мәжбүрлеп, оппозициялық күреске қатысуға ықыласты әлсіреткен.
Сонымен қатар, Венесуэлада нақты біріккен оппозиция көшбасшысы әлі анықталмаған. Бұл саяси вакуум елдің болашағын бұлыңғыр етеді.
Дегенмен оппозицияның беделді өкілі Мария Корина Мачадо өз үндеуінде «Венесуэла үшін еркіндік уақыты келді» деп мәлімдеді. Ол Мадуро ұсталғаннан кейін билікке қарсы күштердің елге бейбітшілік пен тәртіп әкелетініне сендірді.
Мачадоның сөзінше, Венесуэланы басқаруы тиіс адам – өткен жылы сайлауда Мадуромен тартысқан Эдмундо Гонсалес. Оның жақтастары сайлау нәтижесі бұрмаланды деп есептейді.
Кей сарапшылар Венесуэла алдағы уақытта саяси хаосқа тап болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Қазірдің өзінде ел ішіндегі және халықаралық деңгейдегі күштер шиеленісіп тұр.
Естеріңізге сала кетейік, АҚШ арнайы күштері Венесуэлаға әскери шабуыл жасап, президенті Николас Мадуро мен оның жұбайын ел аумағынан күшпен алып кетті. Дональд Трамп рұқсат берген бұл құпия операция әлемдік саясатта үлкен дау туғызып, халықаралық қауымдастықты екіге жарды.
