Фото: видеодан скриншот
Тараз қаласында бірқатар тұрғындар «Пионер» маркалы бірінші сортты ұнның сапасына қатысты шағым түсірді. Олардың айтуынша, өнімді ашқан кезде ішінен бөгде заттар анықталған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Әлеуметтік желіде жарияланған видеода ұн арасынан тіс тазалағышқа ұқсайтын заттың шыққаны байқалады.
Бұл жағдайға алаңдаған тұтынушылар өнім сапасына күмән келтіріп, оның халық денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін екенін айтуда. Қолданушылар жауапты органдарды тексеріс жүргізуге және өндіруші компанияға қатысты шара қолдануға шақырып жатыр.
Мамандар азаматтарға ұн және өзге де азық-түлік өнімдерін пайдаланбас бұрын мұқият тексеруге, ал күмәнді тауарды тұтынудан бас тартуға кеңес береді.
