Рыбакина Қазақстан құрамасында ойнауын WTA күнтізбесі мен денсаулығына байланыстырды
Елена Рыбакина Қазақстан құрамасында ойнауын WTA күнтізбесі мен денсаулығына байланыстырды. Ол Алматыдағы баспасөз мәслихатында Олимпиада циклін, жаңа маусым жоспарларын айтты.
Фото: ktf.kz
Әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетуі екі жағдайға тәуелді екенін мәлімдеді. Біріншісі — WTA турнирлерінің күнтізбесі, екіншісі — өз денсаулығы.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Алматыда өткен баспасөз мәслихатында теннисші Олимпиада жақындаған сайын ұлттық құрамада ойнау мүмкіндігін қарастыратынын айтты. Сонымен қатар ол WTA турнирлерінің күнтізбесі мен денсаулығының назарға алынатынын еске салды.
«Олимпиада циклі жақындап келеді. Құрамада ойнау мүмкіндігін қарастырамыз. Бәрі WTA күнтізбесі мен денсаулығыма байланысты. Сонымен бірге біздің басқа қыздарға да ойнауға мүмкіндік бергім келеді», – деді Рыбакина.
27 жастағы спортшы журналистермен кездесу алдында Алматыдағы теннис орталықтарының бірінде жас спортшыларға шеберлік сабағын өткізді. Баспасөз мәслихатында ол құрамаға қатысты сұрақтармен қатар, 2027 жылғы маусымды қалай бастайтынын да айтты.
Рыбакина қысқа демалыстан кейін Дубайда жаттығу жиынына кіріседі. Одан соң Кореядағы көрсетілім турниріне қатысып, Брисбенге аттанады. Бұдан кейін оны Австралияның ашық чемпионаты күтіп тұр.
Теннисшінің жаңа маусымдағы мақсаттарының бірі – «Ролан Гаррос» кубогын жеңіп алу. Рыбакина топырақ кортта бұл жүлдеге қол жеткізу қиын болатынын айтты. Маусым бойы рейтингтегі орнына алаңдамай, әр турнирде тұрақты өнер көрсеткісі келеді. Оның сөзінше, рейтингтегі ұпай айырмасы аса үлкен емес, сондықтан қарсыластары 2027 жылы оны жеңуге бар күшін салады.
Рыбакина уақытының көп бөлігін Дубайда өткізетінін, сол себепті оны үйім деп атай алатынын айтты. Алматыда да достары көп, ауа райы ұнайды. Теннисші ет тамақ пен тәттілерді жақсы көретінін және Қазақстанның табиғатына жиі шыққысы келетінін жеткізді.
Рыбакина 2026 жылы мансабында алғаш рет әлемнің бірінші ракеткасы атанып, Австралия мен АҚШ-тың ашық чемпионаттарын жеңіп алды. Бұған дейін ол 2022 жылы Уимблдонда, 2025 жылы WTA қорытынды турнирінде топ жарған.
