Тоқаев: Астана мен Алматыда тәулік бойы жұмыс істейтін президенттік кітапханалар ашылады
Қасым-Жомарт Тоқаев Астана мен Алматыда тәулік бойы жұмыс істейтін президенттік кітапханалар ашылатынын айтып, жасанды интеллект дәуірінде оқудың маңыздылығын атап өтті.
Сурет: tizgin.kz
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде кітапханалар салу қажеттігін мәлімдеп, жасанды интеллект дәуірінде оқудың маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысының сөзінше, жақын арада Астана мен Алматыда тәулік бойы жұмыс істейтін президенттік кітапханалар ашылады.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Бұл туралы ол Мәскеуде өткен «Жасанды интеллект әлеміне саяхат» конференциясы аясында оқушылар мен студенттермен кездесуде айтты. Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев жастар арасында оқу мәдениетін дамыту қажеттігіне тоқталды.
«Бір кездері бізде мешіт салу сән болды, ал менің ойымша, кітапхана салу керек», – деді Президент.
Мемлекет басшысы жақын уақытта Астана мен Алматыда келушілерге тәулік бойы қолжетімді президенттік кітапханалар ашылатынын хабарлады. Тоқаев сондай-ақ Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Оқырман ұлт» бастамасы туралы әңгімеледі.
«Бәрібір жастарды оқуға баулуды қалаймын», – деп атап өтті мемлекет басшысы.
Президент жасанды интеллект арқылы білімді оңайлатуды қауіпті деп атады. Оның пікірінше, жасанды интеллекттің дамуы кітап оқудан бас тартуға себеп болмауы керек. Ол сыни ойлауды тек «түймелерді басу» арқылы игеру мүмкін емес деп санайды.
Мемлекет басшысы мысал ретінде ChatGPT-ге Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романының мазмұнын қысқаша баяндауды ұсынған экспериментті келтірді.
«Мұның бәрін оқу арқылы игеруге болады. Оқуды әлі ешкім жойған жоқ. Маған: «Жасанды интеллект дәуірінде «Соғыс және бейбітшілікті», «Көктем суларын» немесе Чеховтың пьесаларын оқу түсініксіз», – дейді. Ал мен керісінше тұжырымдаймын. Айтпақшы, эксперимент жүргізіліп, ChatGPT-ден «Соғыс және бейбітшілік» туралы сұрағанда, ол қазіргі тілмен айтқанда summary – шамамен 25 беттен тұратын қысқаша баяндама берді. Ал одан: «Бұл «Соғыс және бейбітшілік» емес қой, шығарма 600 беттен тұрады» деп сұрағанда, ол «қалғанының бәрі маңызды емес» деп жауап берді. Бұл, меніңше, қауіпті оңайлату», – деді мемлекет басшысы.
