Негізгі мазмұнға өту
Сәрсенбі, 18 қараша 2026 $ 444,1↓€ 488,9↓₽ 5,38↓
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚ
    «Комфорт санатындағы үй алдық, бірақ жағдай жоқ»: Астанада G-Park салған үш тұрғын үй кешенінің тұрғындары шағымданды • Қарағандыдағы саунада өрт шығып, адамдар эвакуацияланды • Астана мен Алматыда Дима Билан концертіне жалған билеттер сатылып жатыр • «Салават Юлаев» — «Барыс»: КХЛ матчының тікелей трансляциясы 19:00-де басталады • Кәсіпкер Тұрсынбек Қабатовқа Умра жолдамасын сыйлады • Жанболат Найзабеков Мадияр Серікбаевты «лидер» деп атады • «Комфорт санатындағы үй алдық, бірақ жағдай жоқ»: Астанада G-Park салған үш тұрғын үй кешенінің тұрғындары шағымданды • Қарағандыдағы саунада өрт шығып, адамдар эвакуацияланды • Астана мен Алматыда Дима Билан концертіне жалған билеттер сатылып жатыр • «Салават Юлаев» — «Барыс»: КХЛ матчының тікелей трансляциясы 19:00-де басталады • Кәсіпкер Тұрсынбек Қабатовқа Умра жолдамасын сыйлады • Жанболат Найзабеков Мадияр Серікбаевты «лидер» деп атады •

    «Комфорт санатындағы үй алдық, бірақ жағдай жоқ»: Астанада G-Park салған үш тұрғын үй кешенінің тұрғындары шағымданды

    «Комфорт санатындағы үй алдық, бірақ жағдай жоқ»: Астанада G-Park салған үш тұрғын үй кешенінің тұрғындары шағымданды

    Фото: kn.kz

    Астана қаласында G-Park құрылыс компаниясы салған «Женева-1», «Женева-2» және «Женева-3» тұрғын үй кешендерінің тұрғындары аяқталмаған құрылыс жұмыстарына, коммуналдық төлемдердің көптігіне және қауіпсіздік мәселелеріне шағымданды. Олардың айтуынша, пәтерлер пайдалануға берілгенімен, құрылыс салушы өз міндеттемелерін толық орындамаған. Тұрғындар мәселелерін «Народный канал» тілшісі Даня Аркопаровқа айтып, Президент пен жауапты мемлекеттік органдардан көмек сұрады.

    Тұрғындардың сөзінше, олар 2025 жылдың маусым айында жаңа пәтерлеріне қоныстана бастаған. Содан бері бірқатар мәселе шешілмеген. Ең алдымен, олар өрт қауіпсіздігіне алаңдайды. Жақында «Женева-3» кешенінде өрт шыққанын айтып, қауіпсіздік талаптарының орындалуын талап етті.

    Үш кешенде автотұрақ мәселесі де шешілмеген. Тұрғындардың айтуынша, жобада паркинг қарастырылғанымен, ол салынбаған. Соның салдарынан көлік иелері тұрақ таба алмай жүр. Бұған дейін аудан әкімдігі мен G-Park өкілдерінің қатысуымен кездесу өткен. Тұрғындардың мәлімдеуінше, компания барлық жұмысты қазан айының соңына дейін аяқтауға уәде берген. Алайда 12 қарашадағы жағдай бойынша ауладағы жұмыстар бітпеген: төсемтастар алынып, электр кабельдері тартылғанымен, монтаждау аяқталмаған. Күн суытып, қар жауа бастаған кезде аула қалпына келтірілмеген.

    Тағы бір мәселе – кәріз-сорғы станциясы. Тұрғындардың айтуынша, ол әлі құрылыс компаниясының балансында тұр және тиісті деңгейде қызмет көрсетілмейді. «Женева-1» тұрғындары уақытша кәріз жүйесін «Астана су арнасы» мекемесінің балансына қабылдауды сұрады. Олар құрылыс компаниясы мен коммуналдық мекеме арасындағы мәселенің зардабын тұрғындар тартпауы керектігін айтады.

    Тұрғындардың наразылығын күшейткен тағы бір жағдай – жылу үшін келген қомақты төлемдер. Олардың айтуынша, кей пәтерлерге жылуға 35–47 мың теңге есептелген. Бірінші айда 43 мың теңге төлем келгенін айтқан тұрғындар да бар. Ал бір бөлмелі пәтер иесінің жалпы коммуналдық төлемі 75 мың теңгеге жеткен.

    «Бірінші айда 43 мың теңге келді. Қазір тұрғындарға жылу үшін 35 мың теңгеден есепшот келіп жатыр. Кейбірімізге тек жылудың өзі 47 мың теңге болды. Бұл ақшаның қайдан шыққанын түсінбей отырмыз», – деді тұрғындардың бірі.

    Тағы бір тұрғынның мәлімдеуінше, құрылыс компаниясы өткен жылы жылу ақысын төлемеген. Оның болжамынша, сол кезеңдегі берешек кейін пәтер иелеріне бөлінген.

    «Мен бір бөлмелі пәтерде тұрамын. Өткен жылдың жылуына 47 мың теңге төледім. Есептегенде ай сайын шамамен 9 мың теңгеден шығады. Бірақ бізге бұл соманың қалай есептелгенін толық түсіндірмейді. Неге құрылыс компаниясының мәселесі үшін тұрғындар жауап беруі керек?» – деді ол.

    Бұл мәлімдемелер құжатпен расталмаған, сондықтан төлемдердің есептелу тәртібін жауапты ұйымдар түсіндіруі қажет.

    Тұрғындардың айтуынша, кейбір пәтер иелері кілтін желтоқсанның соңы немесе қаңтар айында алғанымен, оларға жылу төлемі қыркүйектен бастап есептелген. Олар өздері пәтерге кірмеген кезең үшін неліктен ақы төлеуі керектігін сұрайды.

    Бұған қоса, «Женева-3» кешеніндегі кейбір кіреберістерде электр есептегіштері жоқ екені айтылды. Тұрғындар су есептегіштері берілмегенін де жеткізді. Олардың сөзінше, комфорт санатындағы үй ретінде сатылған кешенде домофон, бет-әлпетті тану арқылы кіру жүйесі және кіреберістегі қосымша тамбур да жоқ.

    Үш кешенге көлікпен кіріп-шығу да қолайсыз. Қалдаяқов көшесінен Ұлы дала даңғылы бағытына қарай жүрген жүргізушілер үйлеріне тікелей бұрыла алмай, көпірге дейін барып, астынан кері айналуға мәжбүр. Тұрғындар бағдаршам тұрған тұстан қосымша бұрылыс немесе кіреберіс жол жасауды, жол белгілері мен таңбаларды реттеуді сұрайды. Бұл мәселені шешуге қала әкімдігі мен полиция департаментінен көмек күтеді.
    «Женева-1», «Женева-2» және «Женева-3» тұрғындары G-Park компаниясынан аяқталмаған жұмысты бітіруді, автотұрақ салуды, инженерлік желілерге қызмет көрсетуді және есептегіштерді орнатуды талап етті.

    Сонымен қатар коммуналдық төлемдерді тексеруді, кәріз жүйесін тиісті мекеменің балансына беруді және кешенге кіретін жолды реттеуді сұрады.

    «Біз барлық мемлекеттік органға және Президентке жүгінеміз. Өйткені бұл мәселелерді өз күшімізбен шеше алмай отырмыз. Бізге назар аударып, көмектесулеріңізді сұраймыз», – деді тұрғындардың бірі.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →