Негізгі мазмұнға өту
Бейсенбі, 12 қараша 2026 $ 446,3↓€ 498,2↓₽ 5,36↓
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚ
    Бибизия Қалшабаева: Ұлттық болмыс – тарих пен рухани құндылықтардың сабақтастығы • Байлыққа салынатын салық: Қазақстан халықаралық тәжірибеден нені ескеруі керек? • «Құлағының бір бөлігін кесіп тастаған»: ШҚО тұрғыны бұрынғы күйеуіне шыққан сот үкіміне наразы • Жалақы салығын бір батырмамен есептеу: жеңілдік пе, әлде бақылау ма? • Марал Төлепберген жасөспірімдер Олимпиадасының жартылай финалында жеңілді • WTA Мирра Андрееваның Арина Соболенконы жеңуіне жауап берді • Бибизия Қалшабаева: Ұлттық болмыс – тарих пен рухани құндылықтардың сабақтастығы • Байлыққа салынатын салық: Қазақстан халықаралық тәжірибеден нені ескеруі керек? • «Құлағының бір бөлігін кесіп тастаған»: ШҚО тұрғыны бұрынғы күйеуіне шыққан сот үкіміне наразы • Жалақы салығын бір батырмамен есептеу: жеңілдік пе, әлде бақылау ма? • Марал Төлепберген жасөспірімдер Олимпиадасының жартылай финалында жеңілді • WTA Мирра Андрееваның Арина Соболенконы жеңуіне жауап берді •

    Бибизия Қалшабаева: Ұлттық болмыс – тарих пен рухани құндылықтардың сабақтастығы

    Тарих ғылымдарының докторы Бибизия Қалшабаева қазақтың ұлттық болмысы, дәстүрдің жаңаруы мен ұлттық мұраны күнделікті өмірде сақтау жолдары туралы айтты.

    Бибизия Қалшабаева: Ұлттық болмыс – тарих пен рухани құндылықтардың сабақтастығы

    Сурет: qaz365.kz

    Қазақ халқының ұлттық болмысы тарихи тәжірибе мен рухани құндылықтарға негізделеді. Алайда уақыт өткен сайын дәстүрдің мазмұны өзгеріп, кейбірі әлеуметтік желідегі көрініс пен сәнге айналып бара жатқан жоқ па? Ұлттық мұраны күнделікті өмірде сақтаудың жолы қандай? Qaz365.kz тілшісі көптің көңілінде жүрген түйткіл жөнінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих факультеті, Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Бибизия Кенжебекқызы Қалшабаевамен әңгімелесті.

    Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

    – Қазақ халқының ұлттық болмысы қандай тарихи және мәдени үдерістердің нәтижесінде қалыптасты? Бүгінгі қазақты өзге халықтардан ерекшелендіретін, ғасырлар бойы сақталған басты белгілерді қалай сипаттар едіңіз?

    – Менің ойымша, қазақ халқының ұлттық болмысы ғасырлар бойы жинақталған тарихи тәжірибе, салт-дәстүр, мәдениет және рухани құндылықтар негізінде қалыптасты. Оның бастауы сақ, ғұн, үйсін тайпаларынан және кейінгі орта ғасырлардағы түркі тайпаларының этникалық әрі этномәдени мұрасынан бастау алады. Ал Қазақ хандығының құрылуы, көшпелі өмір салты, жоңғар шапқыншылығы сияқты тарихи оқиғалар халықтың бірлігін нығайтып, ұлттық сананың қалыптасуына ықпал етті.

    Бүгінгі қазақты өзге халықтардан ерекшелендіретін басты белгілердің бірі – ана тіліне деген құрмет. Қазақ тілі – ұлттық рух пен мәдениеттің негізі. Сонымен қатар жеті атасын білу, туыстық байланысты қадірлеу, ұрпақ тазалығына мән беру де халқымыздың өзіндік ерекшелігін танытады. Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі – соның айқын көрінісі.

    Салт-дәстүрді сақтау да ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі. Бесікке салу, тұсаукесер, беташар сияқты ғұрыптар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Бұған қоса, қонақжайлық, үлкенді сыйлау, кеңпейілділік пен бауырмалдық секілді қасиеттер халқымыздың мінезінен айқын көрінеді. Келген қонақты төрге шығару, көшіп келген ағайынға ерулік беру, көпшілік болып асар жасау, қиындыққа тап болған адамға жылу жинау – осының бәрі өзара құрмет пен жанашырлықтың белгісі.

    Жалпы, қазақ халқының басты ерекшелігі – қаншама тарихи қиындықты бастан өткерсе де, өзінің тілін, дінін, дәстүрі мен ұлттық рухын жоғалтпауға ұмтылуы. Дегенмен ұлттық болмысты тек өткен тарихтың еншісінде қалдырмай, оны бүгінгі және келешек ұрпақтың бойына сіңіріп, сабақтастығын қамтамасыз етуіміз керек. Ол үшін әрбір азамат өз тарихы мен мәдениетін құрметтеп, ұлттық құндылықтарды сақтауға үлес қосуы тиіс.

    – Қазақтың дәстүрлі дүниетанымында жерге, ата-баба рухына, табиғатқа және адамға құрмет ерекше орын алған. Осы түсініктер халықтың мінез-құлқы мен қоғамдық қарым-қатынасына қалай әсер етті? Қазіргі қоғамда бұл ұстанымдар қаншалықты сақталған?

    – Қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымындағы жерге, ата-баба рухына, табиғатқа және адамға деген құрмет оның этникалық болмысы, мінез-құлқы мен өмір салтына тікелей байланысты.

    Біріншіден, жерге деген құрмет туған жерді қастерлеу, оны қорғау және келер ұрпаққа аманат ету түсінігінен көрінеді. «Туған жердей жер болмас» деген мақал осы ұстанымның мәнін аңғартады. Ата-бабамыз ұлан-ғайыр жерді талай жаудан қорғап, ұрпағына аманат етіп қалдырды. Сондықтан қазақ үшін ел мен жер – қасиетті ұғым. Қай кезде де туған жеріне қауіп төнсе, халық бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлігін таныта білген. Бұл – халқымызға тән отаншылдық қасиеттің көрінісі.

    Екіншіден, ата-баба рухына құрмет көрсету ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан өнегені ұмытпауға, үлкендердің өсиетін тыңдауға, жеті атаны білуге тәрбиеледі. Мұның бәрі ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, тарихи сабақтастықты сақтауға ықпал етті.

    Үшіншіден, көшпелі өмір салты табиғатпен етене болуды талап етті. Қазақ қоршаған ортаны, табиғатты, ата-бабадан қалған тарихи ескерткіштерді қадірлей білді. Табиғатты тіршіліктің негізі деп түсініп, ондағы түрлі құбылысты Жаратушының берген сыйы ретінде қабылдаған. Сондықтан бала кезден «жаңадан көктеген көк шалғынды жұлма, суды ластама, мал жайылымын тиімді пайдалан, жан-жануарларға қамқор бол» деген тәрбие берілген.

    Төртіншіден, жерге, ата-бабаға және табиғатқа деген құрмет адамға құрмет көрсету мәдениетімен де сабақтас. Үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, қонақжайлық таныту, бір-біріне қол ұшын созу сияқты қасиеттер осы дүниетанымнан бастау алады.

    Қазіргі қоғамда аталған құндылықтардың көпшілігі әлі де сақталған. Туған жерді кіндік қаны тамған мекен ретінде қастерлеу, оны көркейтуге үлес қосу, туған жер туралы ән-жырларды дәріптеу – соның дәлелі. Наурыз мерекесін атап өту, ата-баба дәстүрін жалғастыру да рухани сабақтастықтың үзілмегенін көрсетеді. Дегенмен урбанизация мен заманауи өмір салтының ықпалымен кейбір дәстүрлердің әлсіреп бара жатқанын да жоққа шығаруға болмайды.

    Жалпы, қазақтың дәстүрлі дүниетанымы – халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған рухани байлығы. Заманға сай дамып, өзгеріп жатсақ та, жерді, табиғатты, ата-бабаны және адамды құрметтеу сияқты асыл қасиеттерімізді жоғалтпауымыз керек. Өйткені ұлттық болмысымыздың негізі де – осы құндылықтар.

    – Қазір кейбір ұлттық дәстүрлер жаңаша сипат алып, әлеуметтік желілер мен бұқаралық мәдениеттің ықпалымен өзгеріп жатыр. Мұны мәдениеттің табиғи дамуы деп қабылдау керек пе, әлде дәстүрдің бастапқы мазмұнын жоғалту қаупі бар ма? Бұл екеуінің арасындағы шекараны қалай ажыратамыз?

    – Мәдениет – бір орында қатып қалатын құбылыс емес, ол үнемі қозғалыста, даму үстінде болады. Кез келген халық басқа этностардың мәдени элементтерін қабылдап, өз мәдениетінің кейбір үлгілерін де өзгелерге таратады. Сондықтан ұлттық дәстүрлердің заманға сай өзгеруі – мәдени дамудың табиғи үдерісі деп есептеймін.

    Әрбір ұлт өз дәстүрін сақтай отырып, көршілес немесе аралас-құралас өмір сүретін халықтардың мәдени элементтерін бойына сіңіреді. Мұны күнделікті тұрмысымыздан, адамдар арасындағы қарым-қатынастан, әсіресе өнер саласынан байқауға болады.

    Мәселен, музыкаға назар аударайық. Қазіргі жастардың барлығы бірдей тек домбыраның дәстүрлі үнін тыңдайды деп айта алмаймыз. Олар хип-хоп, электронды, поп-музыканы, этно-поп бағыттарын, классика мен роктың үйлесімін, латынамерикалық әуендерді де ұнатады. Сондықтан дәстүрлі мәдениетіміздің бір бөлшегі саналатын домбыра өнерін сақтап, оны жастарға жақындату үшін өзге музыкалық аспаптармен үйлестіріп, жаңа бағытта дамытуға да болады. Ең бастысы, домбыраның төл табиғаты мен дәстүрлі орындаушылық ерекшелігі жоғалмауы керек.

    Қазіргі кезде әлеуметтік желілердің ықпалымен ұлттық киімдер, салт-дәстүрлер мен қазақы құндылықтардың жастар арасында қайта танымал бола бастағаны қуантады. Алайда кейбір дәстүрлердің тек сән үшін немесе әлеуметтік желіге контент жасау мақсатында орындалуы олардың бастапқы мағынасын жоғалтуына әкелуі мүмкін. Мысалы, кейбір салттардың тек сыртқы көрініске айналуы, ысырапшылдық пен өзара бәсекелестіктің күшеюі – алаңдатарлық жағдай. Тұсаукесерді немесе баланың мектепке баруын шамадан тыс даңғазаға айналдыруды да осы қатарға жатқызуға болады.

    Меніңше, дәстүрдің жаңаруы мен бастапқы мәнін жоғалтуының арасындағы шекараны бірнеше өлшем арқылы ажыратуға болады.

    Біріншіден, дәстүрдің тәрбиелік және өнегелік мәні сақталуы керек. Егер оның рухани мазмұны жоғалмай, заманға сай жаңарып отырса, мұны оң өзгеріс деп қабылдаған жөн. Мәселен, беташар кезінде келінді туған-туыстарымен таныстырып қана қоймай, оған өмірлік өсиет айтып, өнеге көрсету дәстүрдің тәрбиелік мазмұнын сақтауға мүмкіндік береді.

    Екіншіден, егер салт-дәстүр тек сыртқы көрініс пен мақтанудың құралына айналса, онда оның бастапқы мазмұны көмескілене бастайды.

    Үшіншіден, дәстүрдегі жаңашылдық ұлттық құндылықтарды дәріптеп, оны жас ұрпаққа жеткізуге қызмет етуі тиіс. Сонда ғана ол мәдениеттің дамуына ықпал етеді.

    Қорыта айтқанда, дәстүрді еш өзгеріссіз, ғасырлар бұрынғы қалпында сақтау керек деген пікірмен келіспеймін. Өйткені қоғаммен бірге мәдениет те дамып, заман талабына сай өзгеріп отырады. Дегенмен бүгінгі қолданыстағы салт-дәстүрлеріміздің барлығы бастапқы мағынасын сақтап қалды деп те айта алмаймыз. Ең бастысы – заманға бейімделе отырып, ұлттық құндылықтарымызды, тәрбиелік ұстанымдарымызды және рухани мұрамызды жоғалтпау. Себебі дәстүрдің құндылығы оның сыртқы көрінісінде емес, ішкі мағынасында.

    – Ұлттық мұраны сақтау туралы жиі айтамыз. Алайда оны тек мерекелік шаралар мен сахналық қойылымдар аясында таныстыру жеткілікті ме? Қазақтың материалдық және рухани мұрасын күнделікті өмірге қайта енгізудің қандай жолдарын ұсынар едіңіз?

    – Меніңше, ұлттық мұраны тек мерекелік шаралар мен сахналық қойылымдар арқылы таныстыру жеткіліксіз. Себебі ұлттық мұра – тек өткен тарихымыздың естелігі емес, бүгінгі өміріміздің де ажырамас бөлігі болуы керек. Оны сақтаудың ең тиімді жолы – әр адамның күнделікті тұрмысында ұлттық құндылықтарды ұстануы.

    Ең алдымен, жастардың бойында елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілікті, ұлтжандылық қасиетті қалыптастырып, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге тәрбиелеу маңызды. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сияқты адами қағидаларды да жас ұрпақтың санасына сіңіруіміз қажет.

    Қазақтың материалдық және рухани мұрасын күнделікті өмірге енгізудің бірнеше жолын ұсынар едім.

    Біріншіден, ұлттық киімдерді жаңғырту керек. Қазақы ою-өрнектерді заманауи киім үлгілеріне үйлестіріп, ұлттық киімді тек мерекелерде емес, күнделікті тұрмыста да кию мәдениетін қалыптастырған жөн.

    Екіншіден, ұлттық тағамдарды дәріптеу қажет. Ет, бауырсақ, қымыз, құрт сияқты тағамдарды тек мерекелік дастарқанның сәні ретінде емес, күнделікті ас мәзірінің бір бөлігіне айналдыруға болады.

    Үшіншіден, ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтуіміз керек. Қазақ тілінде көбірек сөйлеп, кітап оқып, әлеуметтік желілерде сапалы қазақша контент қалыптастыру – ұлттық мұраны сақтаудың маңызды жолдарының бірі.

    Төртіншіден, салт-дәстүрді отбасында жалғастыру қажет. Үлкенге құрмет көрсету, бата беру, жеті атаны білу, ұлттық тәрбиеге мән беру сияқты дәстүрлер күнделікті отбасылық өмірдің бір бөлігіне айналуы тиіс.

    Бесіншіден, ұлттық өнерді қолдау маңызды. Домбыра тарту, күй тыңдау, қолөнермен айналысу, ұлттық музыканы жастар арасында насихаттау арқылы рухани мұрамыздың сабақтастығын қамтамасыз ете аламыз.

    Алтыншыдан, тарихи мұраны қорғауға көңіл бөлу керек. Ескерткіштерді, көне ғимараттар мен тарихи орындарды сақтау, оларды жас ұрпаққа таныстыру – баршамыздың ортақ міндетіміз.

    Сонымен қатар әлеуметтік желілердің мүмкіндігін де тиімді пайдалану қажет. Мысалы, жастар арасында ұлттық дәстүрлер туралы қызықты бейнематериалдар әзірлеп, қазақтың тарихы мен мәдениетін заманауи форматта насихаттауға болады. Бұл ұлттық мұраны жас буынға жақындатудың тиімді тәсілдерінің бірі.

    Демек, ұлттық мұраны сақтау тек мемлекетке немесе мәдениет саласының мамандарына ғана жүктелетін міндет емес. Бұл – әрбір азаматтың жауапкершілігі. Ұлттық мұра музейде немесе сахнада ғана сақталмауы керек. Ол әр отбасының тәрбиесінен, күнделікті әдетінен, өмір салтынан көрініс табуы тиіс. Сонда ғана біз рухани құндылықтарымызды келесі ұрпаққа шынайы түрде жеткізе аламыз.

    – Сұхбат бергеніңізге рахмет!

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →