Арман Қырықбаев қазақстандықтарды кітап оқу марафонына шақырды
Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «зерделі ұлт» бастамасы аясында кітап оқу марафонын жариялап, қазақстандықтарды қатысуға шақырды.
Фото: Ақорда
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «зерделі ұлт» қалыптастыру бастамасы аясында кітап оқу марафоны жарияланғанын мәлімдеді.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Министрдің айтуынша, бұл бастама бірнеше жылдан бері жүзеге асып келеді. Бұған дейін Астана, Қарағанды және Шымкент қалаларында ұйымдастырылған марафондарға 180 мыңнан астам адам қатысқан.
Биыл кітап оқу марафоны алғаш рет еліміздің барлық өңірін қамтиды. Оған студенттер, оқушылар, педагогтер, мемлекеттік қызметкерлер, зиялы қауым өкілдері және отбасыларымен бірге кез келген оқырман қатыса алады.
Арман Қырықбаев қоғамның кітап оқуға деген қызығушылығы жоғары екенін атап өтті. Оның сөзінше, кітап оқу платформасына бүгінде 1 миллионнан астам оқырман тіркелген.
«Құрметті қауым! Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың зерделі ұлт қалыптастыру бастамасына баршамыз атсалысайық!» – деп жазды министр.
