«Байтақ» партиясы Құрылтай сайлауындағы экзитпол нәтижелерін талқылады
«Байтақ» партиясының өңірлік филиалдары Құрылтай сайлауындағы экзитпол нәтижелерін талқылап, сайлаушылар таңдауын мойындап, ішкі жұмысты қайта қарау қажеттігін айтты.
Сурет: egemen.kz
«Байтақ» партиясының өңірлік филиалдары Құрылтай сайлауындағы экзитпол нәтижелеріне баға беріп, сайлаушылар таңдауын мойындай отырып, ішкі жұмысты қайта қарау қажеттігін айтты, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Партияның Батыс Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі Тұрсынбек Байтеміров Facebook парақшасындағы бейнеүндеуінде партия сайлаушылар білдірген ерікке құрметпен қарайтынын және алдын ала көрсеткіштерді қабылдайтынын айтты. Оның сөзінше, партия бүгінгі нәтижеден қорытынды шығарып, экологиялық күн тәртібінен бас тартпайды.
«Алдағы уақытта бүгінгі нәтижені ескере отырып, өз ұстанымымыз бен бағдарламамызды жалғастырамыз. Қоршаған ортаны қорғау, таза су мен таза жер мәселелері бойынша нақты шешімдерге қол жеткізуге тырысамыз, жұмысымызды жетілдіріп, келесі сайлауға дайындаламыз», деді Тұрсынбек Байтеміров. Ол партияны қолдаған азаматтарға алғыс білдіріп, «Байтақтың» саяси қызметі жалғасатынын атап өтті.
Қарағанды облыстық филиалының жетекшісі Сейфул-Мәлік Қазитов экзитпол нәтижесін біршама сын көзбен бағалады. Оның айтуынша, алдын ала көрсеткіштер партия күткен деңгейден төмен болған. Соған қарамастан, Қазитов «Байтақтың» сайлаушылар таңдауын мойындайтынын және дауыс беру қорытындысын қабылдайтынын мәлімдеді. Ол Құрылтайға өткен саяси партияларға азаматтар сенімін ақтап, жауапкершілікпен жұмыс істеуді тіледі.
Қарағандылық филиал жетекшісі сайлау нәтижесі партияның ішкі жұмысына да байыпты талдау жасауды талап етеді деп есептейді. Оның пікірінше, науқан кезінде «Байтақтың» барлық әлеуеті толық пайдаланылмаған және бірқатар идея сайлаушыға жеткілікті деңгейде жетпеген. Экзитполдың төмен нәтижесін партиялық стратегияны қайта қарауға негіз болды. Қазитов партияның басқару жүйесін реформалау және төраға ротациясы мәселесін де көтерді. Ол партия мүшелерін ұйымды жаңғырту жұмысына белсенді қатысуға шақырды.
Ақтөбе облыстық филиалының жетекшісі Айман Сексенова да экзитпол көрсеткіштері партия күткен нәтижеден төмен болғанын айтты. Оның мәліметінше, өңірдегі сайлау учаскелерінде «Байтақ» атынан 200-ден астам байқаушы жұмыс істеген. Сексенова сайлау әділ өтті деп бағалап, партия азаматтардың таңдауын қабылдайтынын жеткізді. Ол Құрылтайда өкілдік алған саяси күштерге сайлаушылар сенімін ақтап, нәтижелі жұмыс істеуді тіледі.
Сонымен бірге Айман Сексенова сайлау қорытындысын партия үшін ішкі талдау жасауға себеп деп санайды. Оның ойынша, сайлауалды платформаны қайта қарап, партия мүшелерімен кеңінен талқылап, саяси жұмыстың тиімділігін арттыратын жаңа тәсілдер қажет. Ол да «Байтақ» мүшелерін партияны модернизациялау процесіне араласуға шақырды.
Осылайша үш өңірлік филиалдың ұстанымында ортақ екі бағыт байқалды. Біріншісі – сайлаушылар таңдауын мойындап, саяси қызметті жалғастыру. Екіншісі – экзитполдың төмен нәтижесін ішкі талдау мен партиялық стратегияны қайта қарауға негіз ретінде қабылдау. Батыс Қазақстандағы филиал негізгі екпінді экологиялық күн тәртібін жалғастыру мен келесі сайлауға дайындыққа түсірсе, Қарағанды және Ақтөбе облыстарындағы өкілдер партия басшылығы мен жұмыс тәсілін жаңарту қажеттігін ашық айтты.
