«Абызда» жаңа жағдай: «Қазақмыс» кеншілер жатақханасын жөндеуге 126 млн теңге бөлді
«Абыз» кенішінде 150 жұмыскерге арналған жатақханада ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілуде. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС нысанды жаңартуға 126 млн теңге бағыттады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.
Жөндеу жұмысы жатын бөлмелер мен ортақ пайдаланылатын орындарды қамтиды. Бөлмелерде қабырға, төбе және еден жабыны, есіктер мен терезелердің жақтауы, сондай-ақ электр жабдығы жаңартылуда. Дәліздерде, холда әрлеу жұмысы жүргізіліп, санитарлық-тұрмыстық бөлмелерде сантехника мен кафель ауыстырылуда. Бұған қоса жарықтандыру жүйесі кешенді түрде жаңартылуда.
Жатақхананың жалпы ауданы 969,5 шаршы метрді құрайды. Жөндеу жұмысы жұмыскерлердің тұруына кедергі келтірмей, кезең-кезеңімен жүргізілуде. Жөндеу жүргізу үшін бір уақытта екі бөлме босатылады, ал онда тұратын жұмыскерлер ауысымдық жұмыс кестесін ескере отырып, уақытша басқа бөлмелерге орналастырылады.
Жатақхананы жаңарту жұмысын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жұмыс аяқталғаннан кейін кеніш жұмыскерлері жаңартылған тұрғын және тұрмыстық бөлмелерде ауысым арасында қолайлы жағдайда демалу мүмкіндігіне ие болады.

«Абыз» кенішінің жатақханасын жөндеу Қазақмыс кәсіпорындарының әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымын жаңарту жөніндегі ауқымды бағдарламаның бір бөлігі болып табылады. 2026 жылы компания әлеуметтік-тұрмыстық мақсаттағы 80-нен астам нысанды жаңартуға 2,4 млрд теңге бағыттады. Бағдарлама әкімшілік-тұрмыстық кешендерді, медициналық пункттерді, жатақханаларды, асханаларды, жуынатын бөлмелерін және кәсіпорын жұмысшылары күнделікті пайдаланатын басқа да нысандарды қамтиды.
Әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымды жаңарту жұмыс орындарында ғана емес, сонымен қатар жұмысшылардың тұруына, демалуына және күш-қуатын қалпына келтіруіне арналған нысандарда да заманауи әрі жайлы жағдай жасауға бағытталған.
Фото: «Қазақмыс»
