Әділет Зейнелдің анасы: 20 млн теңге — халық жинаған қаражат, мемлекеттік өтемақы емес
Әділет Зейнелдің анасы 20 млн теңге туралы ақпаратты жоққа шығарды: бұл мемлекеттік өтемақы емес, халық жинаған қаражат. Қаражаттың жұмсалуы туралы мәліметтер.
Сурет: ult.kz
Әлеуметтік желіде тараған «20 миллион теңге өтемақы ретінде берілді» деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Әділет Зейнелдің анасы мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Оның айтуынша, аталған қаражат мемлекеттен төленген өтемақы емес, марқұмды ақтық сапарға шығару үшін халық тарапынан жиналған ақша болған.
Әйелдің сөзінше, жиналған қаржының шамамен 10 миллион теңгесі кепілде тұрған Ұлдананың көлігіне рәсімделген автонесиені өтеуге бағытталған. Қалған қаражаттың бір бөлігі марқұмның анасы мен әпкесіне беріліп, жерлеу рәсімі мен ас беру шығындарына жұмсалған.
«Отбасымыздың жеке қажетіне бір тиын да кеткен жоқ. Барлық чек пен түбіртек өзімде бар», – деді ол.
Сондай-ақ ол көліктің Ұлдананың ата-анасына тапсырылғанын, ал Әділетке марқұмның 2,3 миллион теңге көлеміндегі зейнетақы жинағы ғана аударылғанын айтты.
Әділет Зейнел де өз мәлімдемесінде отбасының ешқандай мемлекеттік өтемақы алмағанын және баспана талап етпегенін жеткізді.
«Ешқандай өтемақы алған жоқпыз әрі талап та етпедік. Өз пәтерім бар, ешкімнен ештеңе сұраған емеспіз», – деді ол.
