Алматы облысында 16 жастағы Ясмина Шертаева іздестірілуде
Алматы облысының Қарасай ауданында 16 жастағы Ясмина Шертаева 21 шілде күні үйінен шығып, хабарсыз кетті. Еріктілер куәгерлер мен жүргізушілерді көмекке шақырады.
Сурет: arasha.kz
Алматы облысында 16 жастағы қыздың жоғалуына байланысты іздестіру шаралары жалғасуда, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Arasha.kz порталы LIDER.KZ еріктілер қозғалысына сілтеме жасап таратқан ақпарат бойынша, 2009 жылы 27 шілдеде туған Ясмина Шерзатқызы Шертаева 21 шілде күні шамамен сағат 23:30-да Қарасай ауданындағы үйінен шығып кеткен. Содан бері оның қайда екені белгісіз.
Соңғы рет оны Қарасай ауданындағы «Долан» аялдамасының маңында, «Бамбарбия Кергуду» мейрамхана-барының жанында орналасқан бейнебақылау камералары тіркеген. Алайда одан кейін оның қандай көлікке мінгені немесе қай бағытқа бет алғаны әзірге анықталмаған.
Іздеу тобының айтуынша, қыз үйден бас киімсіз шыққан. Жанында ұялы телефоны болғанымен, байланыс картасының нөмірі мен телефонның жеке сәйкестендіру кодын анықтау мүмкін болмай тұр.
Осыған орай еріктілер 21 шілде күні сағат 23:30 мен 00:00 аралығында Алматы–Бішкек тасжолымен жүрген жүргізушілерге үндеу жасады. Олар «Долан» аялдамасы мен «Бамбарбия Кергуду» мейрамхана-бары тұсындағы жол учаскесі бейнетіркегішке түсіп қалған болса, жазбаларды тексеріп, іздестіру тобына хабарласуға шақырды.
