Қостанайда 1,5 келіден астам есірткі тасымалдаған курьер ұсталды
Фото: ІІМ
Қостанайда интернет-есірткі дүкенінің курьері ұсталды. Полиция оның көлігінен 1,5 келіден астам есірткі затын тәркіледі, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.
Қостанай облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 25 жастағы күдікті өңіраралық бағытта есірткі тасымалдап, оларды кейін жасырын орындарға жеткізумен айналысқан.
Жедел-іздестіру шаралары барысында ұсталған азаматтан меткатинон психотроптық заты мен кептірілген марихуана табылған. Есірткі заттары вакуумдық қаптамаларға салынып, құрғақ сүт қаптамаларының ішіне жасырылған.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттардың көлемі 10 мыңнан астам бір реттік дозаға тең. Полицияның мәліметінше, осылайша есірткінің заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеді. Қазір тәртіп сақшылары қылмыстық схеманы ұйымдастырушыларды, есірткі жеткізу арналары мен интернет-дүкен жұмысына қатысы бар өзге де тұлғаларды анықтап жатыр.
